Қожа Ахмет Ясауи шежіресі мен мөрі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожа Ахмет Ясауи шежіресі мен мөрі табылды

05.03.2021

Өзбекстанның Наманган қаласынан Қожа Ахмет Ясауи шежіресі мен мөрі табылды. Ислам әлеміне әйгілі он бір шайыһтың есімі жазылған құнды мұраларды Ясауидің ұрпағы Ибраһимжан Шарифхужаев қажы сақтап келген. 98 жастағы ғалым баба мұрасын туған жеріне қайтаруды армандайды.  

Насабнама яғни, Ясауи әулетінің шежіресі көне шағатай тілінде жазылған. Қожа молдаларды қудалау кезінде 1933 жылы Өзбекстанның Наманган облысына көшіп кеткен қария содан бері, тұтас қазаққа тиесілі осы мұраны туған жерге жеткізуді парыз санапты.  

Ибраһимжан Шарифхужаев, Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы:  
Менің әкеме қанша атадан берілгенін толық айта алмаймын. Бұл біздің Ахмет Ясауидің ұрпағы екенімізді дәлелдейтін құжат, мынау соның мөрі. Әкем Түркістанға жерленді. Атадан балаға мұра болып қалған аманатты анам екеуміз арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көміп, сақтап келдік. Көзімнің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жер Түркістанға табыстауды армандап жүрдім.

Қожа Ахмет Ясауидің металдан жасалған мөрі алғаш рет табылып отыр. Бұған дейін ғұламаның мөрлері тек қағаз күйінде сақталып келді дейді мамандар.  

Берік Байболов, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи- мәдени музейінің бөлім басшысы: 
Біздің түркістандық сақталған мөрлерде он Ахметтің аты жазылады да, ал кешегі қарияның қолынан табылған мөрді біз қазір аудардық. Онда бізге беймәлім үш шейхтың аты белгілі болды. Ол Ахмет Ысқақ, Ахмет Жаржани, Ахмет маржани деген. 14-15 ғасырға тиесілі екен айдан анық.

Ғалым Ибрахим ақсақал үйінің бір бөлмесінен Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашыпты. Онда Ясауи шежіресінің көшірмесі мен мөрі және Түркістанға қатысты дүниелер қойылған. Мамандар енді, құнды жәдігерлерді елге жеткізу ісімен айналыспақ.  

Нұрболат Ахметжанов, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры: 
Бұл енді жаңағы осы Ибраһим ақсақалдың төл меншікті жәдігерлері болғаннан кейін ол кісі өзі келіп Түркістанға соны біздің музейге табыстайтын болып келістік. Өйткені жаңағы жәдігері шекарадан шығу оңай емес.

Музей басшылығы Қожа Ахмет Ясауидің қалдырған мұрасы әлі күнге дейін толық зерттеліп бітпеді дейді. Әзірге тек 70-тен аса шежіресі табылған. Сондықтан «Ясауи ізімен» ғылыми танымдық экспедиция аясында Орта Азия елдері аумағындағы жұмыстар әлі жалғасады.  

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу