Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Алдымен бірінші сыныптарға, одан кейін жергілікті атқарушы органдар мен орталық атқарушы билікке, сосын банк жүйесіне енгізіле бастайды. Әр салаға арнайы мамандар бекітіледі. «Халықтың толыққанды жаңа әліпбиді қабылдауына 10 жылдай уақыт кетеді», - дейді мамандар. Салыстырмалы түрде бұл ұзақ мерзім емес. «Цифрлық Қазақстан» мен латын әліпбиіне көшу қатар жүргізілсе, құжаттарды ауыстыру жұмыстары азаймақ.
Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:
5-6 сыныптарда орыс тілі мектептерде латын әліпбиіне байланысты пән кіргізіледі. Қоғамда пікір бар: орыс тілі мектептер оқымай ма, қазақ тілді мектептер ғана оқи ма, қоғам екіге жарылмай ма деген табиғи сауал туады. Сондықтан орыс мектептерінде де латын әліпбиі енгізілетін болады.
Яғни бастапқыда орыс мектептеріне латын әліпбиі пән ретінде енгізіледі. Сосын гуманитарлық бағыттағы пәндер осы әліпбимен оқытылады. Оң нәтижеге қол жеткізген соң, нақты пәндерді де латын қаріпіне ауыстыру жоспарланып отыр.
Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Бұған дейін біз кирилл әріпінде орыс тілінің дыбыстарын таңбалайтын әріптер болуы себепті орыс сөздерін қазақ мәтінінің ішінде орыс тілінің емлесі бойынша жазып жүрдік және солай дыбысталуын талап етіп жүрдік. Ал енді латынға көшсек, ойлаңыз 42 әріптің 11-і болмайды. Демек сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да қазақ тіліне шет тілден енген сөз орыстың шапанымен енді кіре алмай қалады.
Ақниет Балтанова