Басты Жаңалықтар Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 82%-ында несие бар

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 82%-ында несие бар

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 80%-дан астамында несие бар. Сарапшылар мұны адамдардың қаржылық сауаттылығының төмен екендігімен байланыстырады. Артық ақшасы бар тұрғындардың дені жиған-тергенін депозитте сақтайды немесе пәтер алып, жалға береді, жылжымайтын мүлік алумен шектеледі. Бұл ел экономикасына ешбір пайда әкелмейді. Бұл ретте қаржыгерлер ақшаны басқарудың тиімді әдіс-тәсілдері көп дейді.

Бір жарым жылдан бері бір бөлмелі пәтерін жалға беріп жүрген Нұргүл бұл істің де машақаты көп екенін айтады. Жылдар бойы жиып-терген қаражатына пәтер алып, ай сайын пайда көрем деп ойлаған. Бірақ жалға алушы тұрақтамай, күтпеген шығын көбейді дейді ол. 

Нұргүл Мәлтік, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Үйді жинамайды, өз үйлері болмаған соң немқұрайды қарайды. Жиһаз, құрылыс заттары арзан тұрмайды. Сындырып, бүлдіріп кететіндер бар. Бәрін жөндейміз, өйткені жаңа клиентке таза, жылы, жайлы үй өткізгің келеді.  

Ақшасын депозитте сақтайтындар пайыздық көрсеткіштің арқасында жылдық табысын арттырамыз деп ойлайды. Бірақ бұл қате пікір. Өнім өндіріп, нарыққа шығармайтындықтан банктің де экономикаға тигізер пайдасы аз.       

Дана Молдақұлова, қаржыгер:
Депозиттің жылдық пайыздық көрсеткіші өте төмен. Ол шамамен - 8%. Ал инфляция, қаражаттың құнсыздануы бізде шамамен 12-13%. Яғни, ақшаның құнсыздануын жаппайды.   

Несие мен ипотека рәсімдеу арқылы тек қарапайым халық ұтылады. Ал проценттік көрсеткіштің арқасында банк жоғары пайда көреді. Көшедегі жылдам ақша беру орталықтарының қаптаған жарнамаларынан көпшіліктің санасы уланады. Сондықтан ең алдымен қаржылық білімді мектептен бастау керек дейді қаржыгер. Аздаған қаражаттың өзін еселеуге, құнды қағаздар мен акцияға инвестиция салып, пайда көруге болады. 

Дана Молдақұлова, қаржыгер: 
Акцияға, қор биржасына қаражат салу - бұл экономика үшін ең алдымен өте тиімді және әрине адам үшін яғни инвестицияға қаражат салған адамның қаражаты жай жатпайды банкте, ол жұмыс жасайды. Өнім өндіреді. Соның арқасында адамға да бұл пассивті табыс ретінде пайда әкеледі. 

Канада елі қаржылық сауаттылықты мектеп бағдарламасына қосып, 5 жылдан соң мемлекеттің экономикалық өсімі рекордттық көрсеткішке жеткен. Біздегі мектептерге 1 жыл бұрын «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Мемлекет қолдауымен «Астана» қор биржасы және «Табыс қосымшасы» жұмысын бастады. Бұған дейін еңбекке жарамды 9 млндай адамның 1%-ында ғана брокерлік шот ашылса,бүгінде олардың саны артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жұмыстар алдағы 5-10 жылда нәтиже бере бастайды.  

Ақниет Балтанова, тілші: 
Банктен кредит аларда ең алдымен үстемақысын есептеу керек. Несиені небәрі 3%-бен беретін мемлекеттер бар. Себебі ол елдің тұрғындары жоғары проценттік көрсеткіштегі кредитті рәсімдемейді. Яғни, сұраныс болмаған соң, банктер тиімсіз жылдық пайызды ұсына алмай, өз ережеcін қайта қарауға мәжбүр болады. 

Ақниет Балтанова

Бөлісу