Әзірбайжан астанасы Бакудегі наркологиялық орталықта болған өрттен 20-дан аса адам қаза тапты. Мұны елдің бас прокуратурасы мен полициясы мәлімдеді. Түтінге уланған төрт адамның жағдайы жақсарған. Аурухана науқастары мен персоналын қоса алғанда 200-ден астам кісі дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілген. Әзірбайжанның бас прокуратурасы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Тергеуді ел президенті Ильхам Әлиев өз бақылауына алған. Наркологиялық орталықтағы өрт жергілікті уақытпен бүгін таңғы сағат 6-дан кеткенде басталып, 9-дан аса сөндірілген. Алдын ала мәліметтерге сай, оттың тұтануына электр желісіндегі ақау себеп болуы мүмкін.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы оқыс оқиғаға байланысты Әзірбайжан президенті мен халқына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ