Қазақстандықтар зейнетақы жинағын емделуге жұмсай алмай отыр - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын емделуге жұмсай алмай отыр - депутат

17.02.2021
Қазақстандықтар зейнетақы жинағын емделуге жұмсай алмай отыр - депутат

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов ел азаматтарының зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсай алмай отырғанын айтып, Денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдады.

«Ереже қабылданды. Қазақстандықтар жинақтарын ипотеканы өтеуге немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалана бастады. Алайда Президент тапсырмасы мен заң нормаларының жартысы ғана орындалып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарымыздың зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсау ережесін әлі күнге дейін бекіткен жоқ.

Тұрғындар өз жинақтарын радиохирургиялық емдеуге, протондық терапияға, ЭКО-ға, стоматологиялық қызметтерге және т.б. ем шараларына пайдалана алады деп болжанған еді. Бұл адам денсаулығына қатысты мәселе. Мұны министрлік түсінбей ме? Әлде Парламент әр министрлікке заң жобасын әзірлеу және бекіту керектігін үнемі еске салып тұру керек пе», - деді депутат.

Сонымен қатар Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге болатынын, сол компаниялардың тізімін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасағанын да айта кетті. 

«Ол тізімді қайдан іздейміз? Мұны тек агенттік қызметкерлері біледі. 

Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қысқа мерзім ішінде заң нормаларын іске асыру бойынша барлық қажетті актілерді қабылдауы тиіс. Сондай-ақ қызметтік тергеу жүргізіп, әзірлеуге және келісуге жауапты мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту керек», - деді Жамалов.

Мәжіліс депутаттық сауал

Хабарламаларға жазылу