Алматы облысының Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланды

28.02.2018

Күннің күрт жылып, елді мекендерді еріген қар суының басуына байланысты Алматы облысының Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қызыл су әсіресе, Қайназар ауылының тұрғындарын әбігерге салып отыр. Елді мекендегі үйлерді, жертөлесі мен аулаларын су басып, тұрғындар түнімен әуре-сарсаңға түсті. Ауданның құзырлы органдары апаттың алдын алу жұмыстарына жалғастыруда. Ауылдың жоғарғы бөлігіне кезекшілік орнатылып, кірген суды сору жұмыстары жүріп жатыр. Ал, ауа райын болжаушылар су тасу қаупі арта түсетінін ескертуде. Себебі, алдағы күндері күн райы Алматы облысында +15 градусқа дейін жылынып, жауын-шашын арта түсуі мүмкін.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Су негізінен Қайназар ауылына лап берді. Мұнда ауыл көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларына су кіріп, елді әбігерге салуда. Қазір аудандық Жедел әрекет ету тобы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесе біріккен шара қолға алуда. Бірінші кезекте ауылға тап берген судың бетін қайтару жұмыстары қолға алынған. Ол үшін суға арнайы тосқауылдар қойылып, құм себілуде. Сонымен қатар, әр үйдің ауласына кезекшілік қойылып, су деңгейі бақылауға алынған.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу