Ақтауда аурухана дәрігерлері коронавирусқа қарсы екпе алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда аурухана дәрігерлері коронавирусқа қарсы екпе алды

03.02.2021

Ақтауда «Спутник V» вакцинасын облыстық аурухананың медицина қызметкерлері алғашқы болып қабылдады. Барлығы 45 адамға екпе салынды. Дәрігерлермен қатар, облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова да егілмек болды. Алайда, денсаулығына байланысты вакцина салу кейінге қалдырылды. Алдағы күндері жедел жәрдем қызметкерлері мен жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне егіледі. 

Жәнібек Ажмұханов, Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры: 
Міне жарты сағаттай өтті бірінші вакцина алғаннан кейін. Жағдайым бәрі де жақсы, ешқандай шағымдар жоқ. Жақсы сезініп тұрмын өзімді.

Ал Жамбыл облысына ресейлік екпені 175 адам қабылдады. Қазір облыс орталығындағы 9 емхана мен өңірдің 10 ауданында вакцинация кабинеттері жұмыс істеуде. Қазір екпе салдырған медицина қызметкерлері стационарлық бақылауға алынған. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты, ешбірінен теріс нәтиже байқалмады дейді. 

Солтүстік Қазақстан облысында да коронавирусқа қарсы 1200 доза вакцина жеткізілді. Жалпы өңірде, вакцина егетін 19 пункт жұмыс істеуде. Олардың алтауы Петропавлда, қалғадары аудандарда. Бүгінге дейін 777 адамға вакцина егілді. Олардың дені медицина саласының қызметкерлері. Олардың ешқайсысынан денсаулығына кері әсер еткені туралы шағым түспеген.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу