Павлодарда 17 жасар қыз антисептиктен уланып, қаза тапты. Ол қиын жағдайға тап болған балаларға көмек беретін аймақтық орталықта тәрбиеленіп жатқан. Оның тағы екі құрбысы ауруханаға жеткізілген. Олар өздерінің антисептик ішкендерін айтқан. Полиция мән-жайды тексеріп жатыр.
Ал, Қарағанды облысына қарасты Шахан кентіндегі қарттар үйінде 96 адам кеселге шалдыққан. Соның 70-і – қариялар болса, қалған 26-сы - персонал қызметкерлері. Барлығының да жағдайы қалыпты,-дейді дәрігерлер. Науқаспен байланыста болғандар анықталып, ПТР сынамасы алынды. Жалпы мекеме наурыз айынан бері жабық түрде жұмыс істеуде. Мұнда барлығы 91 қарт тұрады.
Айгүл Шатекова, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің ресми өкілі:-Шахан қаласындағы медициналық-әлеуметтік мекемеде коронавирус ошағы анықталды. Пансионатта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Індетке шалдыққандар және олармен байланыста болғандардың тізімі жасалды. Қазіргі уақытта барлық науқас жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.
Атырау облысындағы Теңіз кенішінде тағы 51 жұмысшының коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. 11 қызметкерден кеселдің симптомды түрі табылған. Вахталық қалашық аумағында орналасқан стационарда 683 науқас оқшауланған. Бастапқыға қарағанда кәсіпорындағы жағдай қазір біршама тұрақталып келеді, дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы