Коронавирусқа қарсы вакцинаның елдер арасында тең бөлінбеуі әлемдік экономикаға 9,2 триллион доллар шығын әкелуі мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Мәлімдемеге сай, екпенің біркелкі таратылмауы бай мен кедей елдердің арасын одан әрі алшақтата түспек.
Ал Нидерландта карантинге қарсы наразылық акциялары әлі жалғасып жатыр. Бірнеше қалада демонстранттар бой көтеріп, коменданттық сағатқа қарамастан жаппай тәртіпсіздіктер болды. Салдарынан 150 шақты адам тұтқындалды.
Ливанда да шектеулерге қарсы шерулер өтті. Ашулы жұрт жолдарды бөгеп, тәртіп сақшыларымен қақтығысты. Тұрғындар карантин елдегі кедейлікті өршітуде деп отыр. Елде өткен аптада жарияланған комменданттық сағат ақпанның 8-не дейін ұзартылған. Жұрт соған қарсы.
Украина болса, талаптарды жеңілдетіп жатыр. Науқастар саны күніне 6 мыңнан 2 жарым мыңға дейін азайған. Сөйтіп дүйсенбіден мекктептер, мейрамханалар, фитнес-залдар ашыла бастады. Алайда қызмет көрсету, қоғамдық көліктерге салынған шектеулер сақталады.
Жансая Қапасқызы