Ақтөбе облысы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасы айналасындағы дау басылар емес. Бүгін ферманы жабуды талап еткен тұрғындар мен жұмысшылар қақтығысып қала жаздады. Екі жақты полиция ұстап қалды.
Мына бейнекөріністерді ауыл тұрғындары өткен түнде ғана түсіріп алған. Фермадан шыққан лас су далаға ағып жатыр. Қалдықтарды жер астына жіберу үшін арнайы құбырлар салынғанын да байқауға болады. Тұрғындар кәсіпорын басшылығы талап-тілектерімізге құлақ асар емес деп ашынып отыр.
Салтанат Нұрғалиева, ауыл тұрғыны:-Қазылған жердің бәрін үш күннен бері тегістеп тастады. Сонда экологтар не жұмыс істейді?Лас су ағып жатыр.Заң үкімі бойынша бұлар жер, экология жағынан үш ай берілді. Бұлар бірақ айналаны қазып тастаған.
Бұған дейін 10 мыңдаған шошқа өсіретін кәсіпкерге шаруашылықты кезең-кезеңмен жабу немесе бағытын өзгерту талабы қойылған еді. Арнайы комиссия экологиялық заңнамалардың өрескел бұзылғанын да анықтады. Алайда, тұрғындар қалдық көмілген 3 шақырым аумақтың тек 50 метрдейі ғана аршылып, тексерілгенін айтады.
Қалабай Көздібаев, ауыл тұрғыны:-Қышыма болып жатыр балалар, көбі жасырады. Қотыр болып жатыр суға түскеннен. Балықтар өліп жатыр.
Бүгін ауыл тұрғындары мен ферма жұмысшылары өзара жаға жыртыса жаздады. Дер кезінде полицейлер араға түсті. Қызметкерлер кәсіпорын жабылса, жұмыссыз қаламыз десе, ауыл жұрты мәселенің өте өзекті екенін алға тартты.
Нұржауған Қалауов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:-Қанша жерді тегістеп тастаса да ол бәрібір қазылып, проба алынады.Сараптама орталығы келгеннен кейін бастамашыл топ адамдарымен біріктіріп, тексеріп, бүкіл осыған дейінгі экологиялық, жер инспекциядан, ветеринарлық инспекциядан анықталған кемшіліктерді қайта тексереді. Сол себепті кезең-кезеңмен тергеу амалдары мен сот шешімдері жүріп жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
-Бестамақ ауылының тұрғындары талабымыз толық орындалмайынша тыным таппаймыз дейді. Ал, кәсіпорын басшылығы мемлекетке өтеуі тиіс 7 миллиард теңге айыппұлды мерзімінде төлемеген. Енді ол қаржы сот арқылы өндірілетін болады.
Жақсыбек Кемал