Алматыда Қазақстан халық партиясының ұйымдастыруымен флешмоб өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақстан халық партиясының ұйымдастыруымен флешмоб өтті

06.01.2021

Ауыл өркендесе – ел көгереді. Бүгін саяси партиялар елді мекендерді түлету мәселесін көтерді. Тұрғындарға тұрақты жұмыс, жайлы тұрмыс жайындағы жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ әлеуметтік салаға енгізбек өзгерістерімен де бөлісті. 

Алматыда Қазақстан халық партиясының ұйымдастыруымен ауқымды флешмоб өтті. Шараға партияның 120-дан астам өкілі қатысып, белсенділік танытты. Жиналғандар жұмылған жұдырық пен түрлі бейнелерді шебер суреттеді. Олар аталған бастаманы саяси аламанды қолдау үшін және қазақстандықтарды достыққа, ынтымаққа шақыру мақсатында қолға алған. Себебі, жұдырық – бірліктің белгісі дейді партия өкілдері.

Ақбөпе Әбілқасымова, Қазақстан халық партиясының мүшесі:
-Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақта болуы керек. Сонда ғана біз барлығын жеңеміз және мықты мемлекет боламыз деген сенімдемін. Сондықтан, барша қазақстандықтарды сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын.

Қостанайда халық партиясының өкілдері Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің оқытушылары және студенттермен кездесті. Пандемия білім саласындағы көптеген олқылықтардың бетін ашты дейді партия өкілдері. Елімізде шалғай ауылдардың интернет желісімен жеткілікті деңгейде қамтылмауы қашықтан оқытуды қиындатты. Оқушылар байланыс іздеп қыр кезіп, шатырға өрмеледі. Мұндай жағдайда білім сапасы туралы айтудың өзі артық. Партия өкілдері осы олқылықтарды жоюға күш салатындарын жеткізді. 

Зарина Көкжанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
-Біз үйінде баласы, оқушысы, студенті бар әрбір отбасы жеңілдетілген тарифпен сапалы интернетке қосылуына күш саламыз. Білім баршаға қолжетімді әрі тегін болуы тиіс.  

Бұл - Азат ауылы. Мұнда небәрі 1000-нан астам адам тұрады. Ауыл жұрты осыдан екі жыл бұрын, ірі-қарасын кооперативке өткізген. Қазір оның шарапатын көріп отыр. 

Анас Баққожаев, «Іскер демеу» қоғамдық қорының басшысы:
-Үйіңізде 2-3 бас болса, сіз оны бақпай-ақ қоясыз. Қысқа таман жем шөбін дайындамайсыз. Оны осы кооперативке келіп өткізесіз. Кооператив сізге бағып беруге, бұқашықтарды бордақылап беруге оны сатуға көмектесуге кепілдік береді. Сондықтан сіз үй деңгейінде баққаныңыз шығыныңыз екі есе көп. 

Қазір Азаттағы 130 отбасының 300 ірі-қарасы осы кооперативте. Бүгін халықпен жүздескен Әли Бектаев коопертивтің артықшылығын түсіндірді. Бұл әсіресе ауылдағы әйелдерге тиімді болар еді. Себебі, нәзік жандылар үй шаруасы, түздегі мал мен үйдегі бала күтімін қатар алып жүреді. Айтпақшы, бұл бағытта «Ауыл» партиясы баланы да, ананы да қолдайтын бағдарлма әзірлеген.

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
-Бала капиталын енгізуді ұсынып отырмыз. Бала өмірге келгеннен кейін 18 жасқа дейін өзінің нәсібін мемлекет бөліп беруі керек. Бала сонда жалтақтамай, ешкімге алаңдамай, ешкімнен ештене дәметпей, қашан маған жәрдем береді, қашан маған көмек береді деп жалтақтап өспейді. Ешкімге жалтақтамай тура өскен бала, үлкен азамат болады, үлкен маман болады, мықты мемлекеттің азаматы болады.  

«Ел ертеңі бүгіннен басталады». Партия төрағасы, келешек ұрпақтың тарықпай өмір сүруін құп көреді. Сол үшін әйел мен бала мәселесін ұйымның сайлауалды бағдарламасына енгізген. Жоғарыда айтқан бала нәсібінен бөлек, көпбалалы әйелдердің зейнет жасын 53-ке дейін төмендетуді де ұсынып отыр. 

Өскемендегі металлургиялық зауыт тек өңірдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі. Бұнда 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал, өнімдері экспортқа шығады. «Ақ жол» партиясы өкілдері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. 

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
-Шығыстың орны бөлек елімізде. Өндіріс жағынан ең дамыған өңірлердің бірі. Ол металлургия, энергетика және жергілікті туризмге байланысты мүмкіндіктері бар. Бірақ, сол табиғи байлығымыз тек инвесторлар үшін ғана емес, халыққа да пайдалы болсын деп өз шартымызды қоюымыз керек.

Азат Перуашев бастаған топ жергілікті автобус паркінде де болды. Бұндағы жағдай салыстырмалы түрде күрделі. Өйткені, жұмысшылардың көбі егде жаста. Сәйкесінше, оларды денсаулық күтімі мен зейнетке шығуға қатысты мәселелер алаңдатады. Жалақы мен баспана түйіткілдері тағы бар. Соңғысы педагогтар үшін де өте өзекті. Бұл жөнінде Жамбыл атындағы мектеп-интернаты ұжымымен кездесу барысында белгілі болды. 

Бүркітбай Сұлтанов, қалалық мәслихат депутаттығына үміткер:
-Партия төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды және жергілікті жұмысшылар өздерінің жұмыс бағыты бойынша сұрақтар қойды. Ұсыныстар жасады. Азат Тұрлыбекұлы оларды ескереді деп ойлаймын.

«Ақжолдықтар» су электр станциясы ұжымымен де кездесті. Салада көкейкесті мәселе көп. Оны шешуге қатысты өз кеңестері мен ұсыныстары айтылды.  

«Адал» партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған үміткерлер еліміздің екі өңірінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шығыс Қазақстандағы кездесулері бүгін де жалғасып жатыр. Бұл жолы депутаттыққа үміткерлер Приречное елді мекеніндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне барып, мекеменің жұмысымен танысты. Жиында негізінен ауыл шаруашылығын дамыту, атап айтқанда шаруаларға берілетін субсидия талаптарын жеңілдету мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек, елді мекендердің тұрмысын жақсартуға, инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Партия әзірлеген сайлауалды бағдарламаның 40 проценті ауылды дамытуға арналған. 

Алмасбек Садырбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
-Басты мақсат – урбанизация процесін тоқтату. Реурбанизация жүргізу. Қазақты ауылда алып қалу. Оны қалай алып қаламыз? Күшпен, зорлықпен ешкімді алып қала алмайды. Ауылда тиімді жағдай жасау керек. Не керек? Қазақтың қорасына малын қойып беріңіз, сол малын бағатын жер беріңіз одан кейін сол малын бағып, жұмысын жалғастырғанға Үкімет тарапынан субсидия қазақ шаруасының қолы жетсе бітті, ол осы жерде қалады.

Семейде талқыланған бұл әлеуметтік мәселелер түркістандықтарды да толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығымен айналысу мүмкіндігін жеңілдету, субсидия беру тәртібін өзгерту, кәсіпкерлікті жандандыру, жұмыссыз жүрген жастарды қолдауға қатысты ұсыныстар еліміздің рухани астанасындағы жиында да айтылды. Партия өкілдерінің айтуынша, осы уақытқа дейін Түркістан облысында түрлі деңгейде жергілікті тұрғындармен 500-ге жуық кездесу ұйымдастырылған.  

Жасұлан Меңдіқұлов, «ADAL» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:
-Электораттарымыз әр-түрлі санаттағы азаматтар. Сайтқа қойылатын сұрақтар, өтініштер, арыз-шағымдар әр-түрлі санаттағы азаматтардан түсіп жатыр. Ол жерде ең көп көтерілетін мәселелер – үй мәселесі, коммуналдық, жалақы мәселелері. Ауыл шаруашылығына тиісті суармалы жерлерде судың жетіспеушілігі. Мәселелер өте көп.  




Хабарламаларға жазылу