Алмалы ауылында ауыз су екі тәулікке тоқтатылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алмалы ауылында ауыз су екі тәулікке тоқтатылған

30.12.2020

Алматы облысындағы Алмалы ауылында қыс мезгілінде карантиндік шектеулерге қарамастан ауыз су екі тәулікке тоқтатылған. Нұра топтық су құбыры Алатау филиалы осылайша тұрғындар берешегін өндірмек болған. Ал Алмалы ауылында 3200 адам тұрады. Пандемия қыспаққа алған тұста тіршілік нәріне зәру болған тұрғындар арнамызға шағымын айтып хабарласты.  

Қақаған қыста ауыз сусыз қалған Алмалы тұрғындарының талабы бұл. Халықтың жалпы берешегі 700 мың теңгеден асты деп, өзен суын елді мекенге жеткізетін кәсіпорын тіршілік нәрін тоқтатқан. Суды өшіреміз деп ескерту де айтпаған, дейді ауылдағы ағайын.

Кәрім Губашев, ауыл тұрғыны: 
-Таудан келіп жатқан суды өзінің керегіне жарата алмаса ол халық па? Ол халық емес.

Үлкен Алматы каналы құрамынан үш ауданның ауыз суы «Нұра» топтық су құбыры республикалық мемлекеттік кәсіпорнына наурыз айында берілген. Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы ішкі құбырларға «Есік су құбыры» коммуналдық мекемесі қызмет етеді. Негізгі қарыз дәл осы мекемеде дейді, Нұра топтық су құбырының өкілі.

Нұрлан Бопазов, «Нұра» топтық су құбыры РМК Алатау филиалының өндіріс басшысы: 
-Қонаев атындағы БАК-тан өткен 15 млн қарызы бар. Оның үстіне ай сайын ішкен сулары бар. Сол себепті бүгінгі күнге 17 млн қарыз жиналды. Жаз бойы ескертулер берді.  

Жергілікті атқарушы билік өкілдері Нұра топтық су құбырының қызмет көрсетер техникасы жоқтың қасы дейді. Заңды мекенжайы да Алматы қаласында екенін алға тартады.

Дәурен Мәлібеков, Еңбекшіқазақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы: 
-Осы ауыз су жарылған жағдайда, авариялық апаттар болған жағдайда бұл кісілердің бұл ауданда техникалары қазіргі кезде жоқ. Сол себепті бұл ауыз суды ауданның теңгеріміне алсақ, жұмыс кішкене жүреді деп ойлаймын. 

Мақсаты мен міндеті бір екі кәсіпорын өзен суын ауылға жеткізіп халықтан ақша алып отыр. Осы мүдделер қақтығысының зардабын екі ортада ауылдағы ағайын көруге мәжбүр.

Қуаныш Қанатұлы



Хабарламаларға жазылу