БҚО-да кәсіпорын жұмысшылары арасында індет жұқтырғандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да кәсіпорын жұмысшылары арасында індет жұқтырғандар көбейді

29.12.2020

Батыс Қазақстан облысында «Қарашығанақ Петролиум» және «Жайық Мұнай» компанияларында коронавирус жұқтырғандардың қатары артуда. Екі кәсіпорында қазір 137 жұмысшыдан вирус анықталған. Сондықтан, облыстық штабтың келесі отырысына кәсіпорындардың басшылары келіп есеп беруі тиіс. Ал, жалпы өңірде соңғы бір айдың өзінде 997 адам індет жұқтырған. Соған қарамастан карантин талаптарын бұзу әлі тыйылмай отыр. Мәселен демалыс күндері 6 көңіл көтеру орнында той-томалақ, ұжымдық шаралар ұйымдастырылған. Ал мұндай кештерге қатысқан мемлекеттік қызметшілер жұмыстан қуылуы мүмкін.   

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:  
-Біздің қызметкерлеріміз, азаматтық қызметкерлеріміз, білім басқармасының, мәдениет басқармасының кісілері тойлар, басқа да шараларға қатысып жүр. Ондай кісілерге қатаң шараларды қолданамыз.   

Ақмола облысында да жаңажылдық кештерді және балаларға арналған мерекелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы ертең күшіне енеді. Сондай-ақ, қалааралық автобус қозғалысы да тоқтайды. Кейбір нысандардың демалыс күндері жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Дегенмен өңірде коронавирус инфекциясының таралуы төмендеді. Облыс «сары» аймаққа өтті.

Рауан Диәлі

БҚО Қарашығанақ Петролиум Жайық Мұнай

Хабарламаларға жазылу