Өңірлерде аяз күшейіп, қатынас қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде аяз күшейіп, қатынас қиындады

28.12.2020

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің шығысында оқушылар сабаққа бармады. Қоғамдық көліктердің жанармайы қатып, дизельдік қозғалтқышы бар көліктерге түнде жүруіне шектеу қойылды. Алматы облысында Үшарал-Достық бағытындағы жол жабылса, Түркістан облысында қар құрсауында қалып қалған жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылды. Аймақтардағы төтенше жағдай қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, тұрғындарға аса бір қажетінсіз алыс жолға шықпауға кеңес берілуде. 

Өткен түнде Өскеменде сынап бағанасы -34 градусқа дейін төмендеді. Қатты аяз болғандықтан республикалық және облыстық маңызы бар бірнеше бағыттағы жолдарда дизелді қозғалтқышы бар көліктердің түнде жүруіне шектеу қойылды. Өскемендегі қоғамдық көліктердің де жанармайы қатып қалып, жолға шыға алмағандары көп болды. Сондай-ақ , облыс орталығында теміржол үстінен салынған көпірдің асфальты аязға шыдамай, шытанап кетті. Көпір зақымданғанымен, қауіп жоқ дейді мамандар. «Өскемен-Алматы» тас жолында көлігі сынған жолаушыларға көмек көрсетілді.

Бауыржан Жүрекбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы: 
-Аягөз қаласына 30 километр қалған кезде қоғамдық «Газель» марқалы көлік жолда сынып қалған. Сол себептен, құтқарушылар барып 14 адамды Аягөзге жеткізіп, көмек жасалды. 

Түркістан облысында полицейлер қар құрсауында қалған көлік иелерін құтқарды. Түлкібас аудандық патрульдік полиция инспекторлары Алматы-Термез тас жолында жүк көлігінің доңғалақтарын қардан тазартып, жүретін жолына құм сепкен. Сөйтіп, жүк көлігінің қозғалуына жағдай жасаған. Жалпы, қыс басталғалы бері өңірдің тәртіп сақшылары көк тайғақта тұрып қалған 12 көлікті шығаруға қолғабыс еткен. Жол жиегінде бұзылып тұрған көліктерді де жақын маңдағы жөндейтін орынға жеткізіп, жанармайы таусылып қалғандарына қажеттісін әкеліп берген.

Алматы облысындағы халықаралық маңызы бар Үшарал-Достық жолы күндізгі сағат 11.00-ден жабық. Бұл бағыттағы жолдың Ырғайты асуында жел күшейіп, боран жиі соғады. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін барады. Сондықтан құтқарушылар екі жерден бекет қойып, көліктерді кері қайтарып жатыр. Жалпы қыс түскелі облыстың төтенше жағдай қызметкерлері 21 көлік пен 63 адамды қар құрсауынан шығарған.

Игорь Жуков, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: 
-Көп жағдайда тұрғындар СМС хабарламаларға мән бермей жолға шығып кетіп жатады. Салдарынан қар құрсауында қалып қояды. Құтқарушыларды да өздерін де әбігерге салады. Биыл мүмкіндігінше бәрін құтқарып жатырмыз. Әзірше үсіп қалды, жолда қалып қайтыс болды деген жағдайлар тіркелген жоқ.  

Төтенше жағдайлар қызметі аса қажет болмаса алыс жолға шықпауға кеңес береді. Ал жолға шыққан болсаңыз қамданып, барлық жағдайға дайындалғаныңыз абзал, дейді құтқарушылар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу