Қазақстан Президенті ретіндегі менің басты міндетім – әлеуметтік әділдікті сақтап, халықтың әл-ауқатын арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен рәсімде осы жылды қорытындылап, алдағы басты бағыттарға тоқталды. Мемлекет басшысы биыл басталған саяси реформалар келесі жылы да жалғасатынын айтты. Әзірге нақты қандай екені белгісіз, бірақ Президент жаңа кешенді жоспар көп ұзамай жариялатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін алған күннен бастап реформалар жүргізілетінін айтып келеді. Оның бірқатары атқарылды. Ал кейбіріне пандемия кедергі болды. Дегенмен, жаһанды жайпаған жұқпалы дертке, қатаң карантинге қарамастан, Президент халықтың экономикалық белсенділігі сақталғанын атап өтті. Дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында шағын және орта бизнес өкілдерінің несиелері кейінге шегеріліп, салықтан босатылды. Табыссыз қалған азаматтарға жәрдемақылар төленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Халқымыз жанашырлық пен қамқорлықтың, ұйымшылдық пен береке-бірліктің озық үлгісін көрсетті. Волонтерлер қозғалысы жалпыұлттық сипатқа ие болды. Дәрігерлер мен мұғалімдердің, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілердің күнделікті өміріміздегі маңызды рөлін айқын сезіндік. Қауіпті дертпен күрестің тиімді жүйесі, ең алдымен, солардың табанды еңбегінің арқасында қалыптасты. Елімізде карантин және төтенше жағдай режимі уақытылы енгізілді. Эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар үшін 350 миллиард теңгеден астам қаржы бөлдік.
Сондай-ақ биыл 4 млн азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақысы өсті. Тұрмысы төмен 500 мыңнан астам отбасының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізілді. 6,5 мыңнан астам әлеуметтік, коммуналдық, транспорттық инфрақұрылым жобаларына 1 трл теңге бөлінді. Келер жылы тағы 400 млдр теңге қарастырылған. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%, дәрігерлердікі 30%, ал мұғалімдердікі 25% артты.
Мұның бәрі әлеуметтік әділдікті сақтап, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалған шаралар. Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығында осындай ел үшін маңызды бағыттар ең негізгі болып қала беретінін айтты.
Мақсат Халық, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы:-Түкке пайдасы жоқ акциялармен емес, нақты жобалармен, іс-әрекетпен көрсетеміз. Көп істер негізінен әлеуметтік осал топтарға бағытталатын болады. Соның ішінде жастарды қолдауға, әйел азаматтарды қолдауға, мүгедек жандарды қолдауға негізгі бағдарламаларымыз бағытталады деді.
Ғарифолла Есім, ғалым, философия ғылымдарының докторы:-Өткенге бұрылмаймыз. Өткенді көксеушілер енді оны қою керек. Біз тек қана алға ғана жүреміз. Енді алға деген қай жақ екенін анықтауымыз керек. Оны ісімізбен, жігерімізбен анықтап, сол бағытта болуымыз керек.
Президент білім мен ғылым да басты назарда болатынын айтты. Ол үшін 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамыту бойынша жаңа мемлекеттік бағдарлама да іске қосылды. Жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп, саяси реформалардың алғашқы пакеті жүзеге асырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог лайықты жалғасын тапты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды. Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – Кеңес жұмысының қажеттігі мен тиімділігінің айқын көрінісі. Біз басшылардың жаңа буынын дайындауға баса мән бердік. Президенттік кадр резервіндегі жастардың жартысынан көбі қазірдің өзінде жауапты қызметтерге тағайындалды. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз.
Пандемия мемлекеттік басқару жүйесіндегі, жалпы, қоғамның осал тұстарын да ашып берді. Сондықтан Президент олардан сабақ алуға шақырды. Ал күрделі кезеңдегі кедергілерді еңсеруге атсалысқан әр азаматқа алғысын айтты. Ендігі мақсат: еңбекті еселеп, Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жаңа жемістерге жету.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт.
Альбина Әшім