Ыстамбұлдағы Абай ескерткішін жаңалау қажет

15.12.2020

Әлемде Қазақстаннан тысқары жердегі Абай атындағы жалғыз мектеп Түркияның Ыстамбұл қаласында. 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барып ашылу салтанатына қатысқан болатын. Мектеп ауласында Ұлы ақынның еңселі ескерткіші де бар. Бір әттегенайы, осы ескерткіш пен мектеп ішіндегі Абай бұрышы көп жылдан бері жаңаланбай, жұпыны күйде тұр. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы Абай мектебіне арнай барды.  

Айдос Әшімұлы, тілші: 
Ыстамбұлдың Зейтінбурну ауданында орналасқан лицейдің аумағындағы Абай ескерткіші 2003 жылы ашылған. Ескерткіштің өзі тәп-тәуір болғанымен айналасына абаттандыру жұмыстары керек-ақ. Себебі жолына төселген тас ойқы-шойқы болып, айналасын топырақ басып кеткен. 

Мыңға жуық бала оқитын мектептің ішінде Абай бұрышы да бар. Алайда ол жер де тым жұпыны. 

Енес Дағлы, Ыстамбұлдағы Абай атындағы қыздар лицейінің директоры:
Абайдың еңбектері мен фотосуреттері қойылған үлкен Абай бұрышын ашқымыз келеді. Сол жерде ақынның туған күнінде түрлі шаралар ұйымдастыруға болар еді. Алайда бюджетіміз шектеулі болғандықтан, мұндай қаражат бізде жоқ. 

Биыл Абай жылы аясында Қазақстанда ғана емес әлемнің бірқатар елінде ақынды танытуға, ұлықтауға арналған маңызды шаралар өтті. Түркияда да саябақ, көше, Абай үйі сияқты бірқатар нысандар ашылды. Ыстамбұлдағы Бас консулдық Абай мектебі мен ескерткіштің қазіргі жай-күйінен хабардар. Пандемияның кесірінен оларды ретке келтіруде біраз қиындықтар туындапты. Алайда жыл соңына дейін бұл мәселе шешілетін болды.

Әлім Байел, Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы бас консулы:
Биыл хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы шеңберінде Стамбулда Абай орталығы ашылды. Стамбул билігімен өткізілген келіссөздер нәтижесінде Зейтінбурны ауданындағы алаңдардың біріне ұлттық ойшылымыздың есімі беріледі. Бұдан бөлек Стамбулда қазақ диаспорасы тығыз орналасқан Зейтінбурны ауданындағы мектепке де қолдау көрсетіледі. Абайға арналған бұрыш жаңартылып, толықтырылатын болады.   

Әлемге Абайды таныту – қазақты таныту. Сондықтан Түркияда қазақтың бас ақынын ұлықтау тек биыл емес, әрдайым жалғаспақ. Жақын күндері Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен Түрік елінде Абайдың тұңғыш мұражайы мен ақын атындағы тағы бір саябақ ашылады.

Айдас Әшімұлы

Абай Құнанбайұлы

Хабарламаларға жазылу