Қостанайда карантин ұзарды

30.11.2020

«Қызыл аймаққа» кірген Қостанайда қатаң карантин мерзімі тағы бір аптаға созылды. Бұған аймақтағы эпидахуалдың оңалмауы себеп болып отыр. Күн өткен сайын індетті жұқтырғандар саны артып барады. Мысалы, қарашаның басында вирус 13 адамнан анықталса, соңғы тәулікте 87 адамнан ковид табылған. 

Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс аумағында жабық спорттық-сауықтыру нысандарының жұмысына тыйым салынған еді. Бассейндер, демалыс орындары мен шипажайлар да уақытша жабылды. Елді мекендер арасында автобус және такси арқылы жолаушылар тасымалдау тоқтады. Сонымен қатар Рудный, Қостанай қалалары карантинге жабылған. 

Владимир Нечитайло, Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері:
Енді карантин талабын жеңілдетуге келсек, ол эпидахуалдың тұрақтануына байланысты. Біз кәсіпкерлерге қазіргі жағдай қиын соғып отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан да талапты бұлжытпай орындап, жағдайдың тұрақталуына бәріміз атсалысуымыз қажет. 

Ал Павлодар облысында Ақтоғай ауданының орталығы карантинге жабылды. Себебі бір мектепте 6 мұғалім мен 22 оқушы короновирус жұқтырған. Шәкірттердің 17-сі кезекші сыныптарда, ал 5-еуі қашықтықтан дәріс алып жүрген. Елді мекенге кіреберіс жолға санитарлық бекет орнатылып, кірген-шыққан көліктер тегіс тексеріліп жатыр. Мектеп пен балабақшадан бөлек, монша, шаштараз және басқа да сервистік қызмет орындарының жұмысы тоқтады. Пошта, банк, дүкендердің жұмысына шектеу қойылып, аудан орталығында кешкі сағат 21.00-ден кейін тұрғындардың жүруіне тиым салынды. Павлодар облысында соңғы тәулікте 121 адам індет жұқтырған. 

Дәуренбек Әбдібек 

Қостанай Павлодар карантин

Хабарламаларға жазылу