СҚО-ғы Явленка ауылы екінші рет карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-ғы Явленка ауылы екінші рет карантинге жабылды

07.12.2020

Қостанай облысында карантин мерзімі тағы бір аптаға ұзартылды. Алайда індеттің таралу деңгейі тұрақтауына байланысты бірқатар жеңілдіктер енгізілді. Ал Солтүстік Қазақстанда керісінше аудан орталығы қайтадан карантинге жабылса, Павлодар облысында ковид жұқтырғандар саны күрт артқан. Атырау облысында үш бірдей кеніште карантин мерзімі тағы ұзартылды.  

Солтүстік Қазақстан облысындағы Явленка ауылы екінші рет карантинге жабылды. Есіл ауданының орталығы саналатын елді мекенде осыған дейін қазан айында шектеу шаралары күшейтілген еді. Мамандардың айтуынша соңғы 2 аптада науқастар саны 250-ден 406 адамға жетті. Оның жетеуі нөмірі бірінші орта мектептің оқушылары мен қызметкерлері. Өңірде бұдан басқа тағы 3 елді мекен карантинге жабылды.   

Павлодар облысы COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы орынға шықты. Ресми дерекке сәйкес соңғы тәулікте облыста ауруға шалдыққан 106 адам анықталды. Соның ішінде Ақсай қаласындағы қарттар үйінде 60-тан аса адам короновирус жұқтырған. Сырқаттардың күн сайынғы өсімі 1,6 пайыдзы құрайды. Бүгіннен бастап барлық мектептер кезекші сыныптарды жауып, қашықтықтан оқытуға кірісті. Себебі, короновирустың таралуы оқушылар арасында жиілеген.  

Ал Қостанайда карантин талаптары жеңілдеді. Енді қоғамдық тамақтану орындары түнгі 11-ге дейін жұмыс істеуіне болады. Сауда нүктелерінің де қызмет көрсету уақыты бірнеше сағатқа ұзарды. Жабық спорт залдары мен бассейндер, шипажайлар мен өзге де емдеу-сауықтыру орындары келушілерді қабылдай бастады. Сонымен қатар Қостанай, Рудный, Жітіқара қалаларының кіреберісіндегі блок-бекеттер алынды. Мұндай тексеру бекеттері облыс аумағына кіретін жолдарда ғана қалдырылды.

Дәуренбек Әбдібек  


СҚО Явленка карантин COVID-19

Хабарламаларға жазылу