Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин осындай тапсырма берді.
Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстанның солтүстігіне, орталығы мен шығысына газ тартылған соң, оны тұтынудың көлемі артады деген болжам бар. Осыны ескере отырып, ол Энергетика министрлігіне бас сызбаны өзгерту керек деген тапсырма берді. Нұрлан Ноғаев Маминнің тапсырмасын 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін орындауы керек.
«Биыл газ тұтыну көлемі 16,5 млрд текше метрге дейін өседі деген жоспар бар. Бұл әрине, тұтынушылардың саны өсті дегенді білдіреді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел тұрғындарын газдандыру көрсеткіші 53% болады деп жоспарланған, яғни, 9,8 млн адам табиғи газға қосылады», - дейді Асқар Мамин.
Тиісті тараптардың болжамына сенсек, 2025 жылы Қазақстанды газдандыру деңгейі 60% жетіп, 2120 елді мекен немесе 11,7 млн тұрғын газға қосылады.
«Сарыарқа» жобасының ІІ, ІІІ кезеңдері, Шығыс Қазақстанды газдандыру және де өңірлік желілерді кеңейту мен реконструкциялау осы міндеттің орындалуына ықпал етеді. Сондықтан Нұрлан Асқарұлы (Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев) елді мекендерге белсенді түрде газ тарту керек. Бұл –Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, бірқатар маңызды мәселелер бар, соған назар аударғым келеді.
Бірінші. Газ тұтыну көлемі жыл сайын артады деген болжамды ескере отырып, Газдандырудың бас схемасын жаңарту қажет. Бұл орайда демографиялық факторды, өнеркәсіптің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін, экспорттық перспективаларды және қолданыстағы міндеттемелерді ескеру керек. Энергетика министрлігі 2021 жылғы 1 сәуірге дейін Газдандырудың бас сызбасының жаңа жобасын әзірлесін. Осы мерзімге дейін Шығыс Қазақстан облысын газдандыру тұжырымдамасын дайындап, қажетті есеп пен күтілетін әсерді қарастырсын», - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар, Премьер-министр 1 наурызға дейін «Сарыарқа» газ құбыры жобасының 2 және 3 кезеңдерін іске асыру бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді жаңартып, барлық сараптамаларды жасау керек деген тапсырма берді.