Коронавирус бойынша ресми статистиканы түзу кезінде қателіктерге жол берілген. Кей өңірлерде жаңа деректерді жасыруға тырысқан. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтқан болатын. Бүгін жауапты тұлғалар медициналық-статистикалық көрсеткіштердегі олқылықтарға қатысты түсінік берді.
Солтүстік Қазақстан облысында Ковид-19-ға шалдыққандардың статистикасы дұрыс жүргізілмеген. Мамандар оның басты себебі, өкпесі қабынғандарды есепке алғанда қателіктерге жол берілгендігінде деп отыр.
Әсет Жұматаев, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:-Жаңадан шыққан короновирус инфекциясының көп тіркелуін байқап отырмыз. Статистикалық есептер бойынша көрсеткіштердің әртүрлі болуы байқалады. Осыған орай Президенттің тапсырмасы бойынша медициналық-статистикалық факторларды дұрыстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ал Павлодар облысында сынама нәтижелерінің кешіктіріліп келуі есептен жаңылдырған. Яғни, зертханалық зерттеулер нәтижесі шыққанша санитарлық қызмет науқаспен қатынаста болған адамдарды анықтауға кірісіп кеткен. Сол себепті қазан айында 50-ге тарта сәйкессіздік тіркелген. Ал қазір жұмыс жүйеленген.
Батырбек Әлиев, облыстың бас санитарлық дәрігері:-Деректерді жасыру деген жоқ. Сәйкессіздік болғаны рас. Өйткені, сынаманың қорытындысы 2 немесе 3 күнге кешігіп келген жағдайлар болды. Сол кезде біздің мамандарымыз нақты мәліметті күтеді. Ал, қазір мұндай жағдайда зертханалармен тікелей хабар алмасып, бірден жария қыламыз.
Бүгін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшылығы да кесел жұқтырғандардың нақты санына қатысты пікірін білдірді. Кейбір зертханалар аумақтық департаментпен жедел байланыса алмайды, сондықтан індетке шалдыққандар санында алшақтық болған.
Айжан Есмағамбетова, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:-Бүгінгі күні аймақтарға жүргізілген мониторинг барлық зертханада аумақтық зертханалардың интеграцияланған жүйесі жоқ екенін көрсетті. Тиісінше, оң зерттеулердің нәтижесі уақытылы берілмейді. Яғни, ескерілмеген жағдайлар болды.
Қайткенмен, індет жұқтырғандар жайлы нақты есептің болуы - басты талап. Сондықтан, Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
Берік Көшербай