Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті

11.11.2020

Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның алдағы уақыттағы негізгі мақсат-міндетін айқындап, болашақ бағдарын түзіп берді. Бүгін онлайн режимде ұйымның кеңесі өтті. Бұл жиын Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойына арналды. Елбасы бұл меже өткенге көз жүгіртіп, болашақ жұмысты жоспарлауға себеп екенін айтты. Ал басты мақсат - ұлтаралық татулықты қашанда қадір тұту. 

Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы құрылған. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, берекеміздің бастауы ретінде құрылған институт өзіне жүктелген миссияны мінсіз орындап келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату тіршілік етіп отыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек.

Тіл – мемлекеттің тірегі. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі біздің қоғамды біріктіруші әрі береке-бірлікті одан әрі нығайтушы фактор екенін атап өтті. Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынас құралына толықтай айналуы үшін үйренушілердің қатарын көбейтіп, оларға жағдай жасау қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Бүгінде Қазақстанда қазақ тілін тегін үйрететін 90 орталық бар. Олардың тиімділігіне сұрақ көп. Сондықтан Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тілді үйрену жүйесінің тиімділігін арттыруы керек. Біз әр бала мектептен кейін мемлекеттік тілде оқып, жазып және сөйлей алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл оларға мемлекеттік қызметтің, экономиканың барлық саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Адам көп тіл білген сайын мәдениеті артады. 

Елбасы Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар мемлекеттік тілдің елді ұйыстыратын рөлін қолдағанынын атап өтті. 1991 жылы елімізде қазақ тілін халықтың небәрі 37 пайызы ғана меңгерген. Қазіргі таңда елдің үштен екісі еркін сөйлейді. Ал 20 жыл бұрын жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі 27 пайыз ғана болса, қазір 83 проценттен асқан. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Өзге барлық ұлттар мен этностардың өкілдеріне білім алу мүмкіндігі берілген және олар оны қолданып та жүр. Бұрынырақта мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақ емес адамды табу проблема болатын. Қазір бұл мүлдем сирек кездесетін жайт емес. Еліміздегі барлық этностардың арасында мемлекеттік тілді жақсы білетіндер саны артып келе жатыр.

Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея кеңес беруші ұйымнан Парламентте өкілі бар жалпыхалықтық құрылымға айналды. Ол азаматтық қоғамның барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіре білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен қалыптасуы үшін бастапқы шарт болды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Бұл жетістік ең алдымен еліміздің барлық азаматтарының арқасында болғанын жақсы түсінеміз. Біз этносаралық, конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттің Конституцияға сай еместігін нақтылайтын заң қабылдадық. 

Қазақстанның осындай ауызбіршілікке ұмтылысын халықаралық ұйымдар әрдайым жоғары бағалайды. БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды белді ұйымдар біздің этносаралық қарым-қатынас моделін өзгелерге үлгі етіп отыр. Елбасы жиын барысында қоғамдық сананы өзгертуге арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үлкен рөлін де атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Біз «Рухани жаңғыру» деген атаумен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын бастадық. Оның мақсаты - жаңа шынайы жағдайда халқымыздың санасын, ойлау образын, өмірін өзгерту. Мұны терең түсіну қажет. Қазір өмір мүлдем өзгеріп, қоғамымызға Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жаңа буын келді. Сондықтан мұның бәрін қайта қарап, уақыт талабына сай болуымыз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетістіктерінің бірі «Туған жер» жобасы аясында 12 мың меценат өздерінің кіші отандарына 270 млрд теңгенің инвестициясын салды. Еліміздің барлық өңірлерінде 4,7 мың әлеуметтік-мәдени нысан жаңартылды. Біз елдің әлеуметтік және мәдени ортасын өзгертудеміз.

Береке-бірлік жай сөз емес. Елбасы елдің тұрақтылығы үшін бұл ұғымның қаншалықты қадірлі екенін Таулы Қарабақ оқиғасы көрсетіп отырғанын айтты. Қарапайым тұрмыстық жанжал үлкен қасіретке айналып, соғысқа ұласты. Белді саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте арағайындық жасап, қос елді ымыраға шақырған. Соңғы қақтығысқа байланысты біздің елдегі әзірбайжан мен армян диаспоралары да үндеу жолдаған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-1990 жылы Әзірбайжан-Армян қақтығысы қалай басталғаны жақсы есімде. Кішкентай ауылда әзірбайжандықтар мен армяндар төбелесті. Осыдан басталды, мына жақтан жақтаушылар, кейін ана жақтан шықты. Кінәліні жазалаудың орнына, үлкен соғысқа айналды. Қанша адам қаза тапты, қанша қан төгілді. Сондықтан мұндай заттарға мұқият болуымыз керек. Достық, келісім бұл бос сөз емес. Оның артында тыныштық, өмір және біздің қоғамның дамуы тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев шет елге кетіп жатқан қазақстандықтарға алаңдаушылық білдіріп, оларға үндеу жасады. Ал әкімдерге елдегі жағдайды жақсарту тапсырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Отандастарымыздың шет елге көшкенін есту жаныма батады. Көшудің қажеті қанша? Олар барған жерден де жақсы жағдайды өз елімізде жасай аламыз. Сол үшін жергілікті әкімдер өте мұқият болуы тиіс. Неге көрші елдің ЖОО-на кетіп жатыр? Ендеше біздің ЖОО-ды олардыкінен жақсы ету керек.

Кеңес барысында Ассамблея төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды. Алматы облысы Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Закиржан Кузиев пен «Kazakh TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева осы қызметке тағайындалды. 

Кемел келешектің кепілі - бірлік. Төртеу түгел болса төбедегі келеді деген аталы сөз соның айғағы. Ал Елбасы бастамасымен құрылған Ассамблея тарихы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. 

Шерхан Жамбылұлы




Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңес отырыс

Хабарламаларға жазылу