Бас қалаға жақын, бірақ өркениеттен алыс. Елорданың іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары сапасыз интернеттен әбден мезі болып отыр. Өйткені, мұнда байланыс операторларының мұнарасы жоқ. Ауылдағы ағайын көршілес елді мекендерден тарайтын желіні пайдаланады. Салдарынан ғаламтор нашар, ұялы байланыс мардымсыз. Әсіресе, қашықтан оқитын оқушылар үшін қиын болып тұр.
6-сыныпта оқитын Рауан Еділ бірінші тоқсанды қашықтан оқып бітірді. Қазір күзгі демалыста. Интернет жылдамдығының төмендігі онлайн сабақтарға айтарлықтай кедергі болды, - дейді ол.
Рауан Еділ, оқушы:
-Компьютерден оқиын десем интернет ұстамайды. Телефонда да интернет ұстамайды. Ең бастысы – сеть жоқ. Сол сетьсіз сабағымды оқи алмай жатырмын.
Ғаламтордың ғаламатынан тыс қалып, тиісті деңгейде білім ала алмай жүрген тек Рауан емес. Интернеттің әлегінен шаршап, мұңын шаққан ата-ана көп мұнда. Сапалы байланыс болмағандықтан, балалардың білім деңгейі төмендеп кетті деп шырылдайды олар.
Алмагүл Бірғазы, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
-Төрт балам сабаққа барады. Сеть ұстамайды. Қораның төбесіне шығамыз. Тоқсандыққа үшке шықтық. Мұғалімдер де тапсырманы дұрыс қарамадыңдар деп мазасы кетеді. Онлайн деген, мына интернеттен шаршадық.
Ардақ Егізхан, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
-Үлкен қызым студент. Оларда «Platonus», «Zoom» деген бар. Ол бала мүлде кірмейді. Өйткені «Zoomды» ұстамайды, «Platonusқа» кіре алмаймыз. Бала қорытылып жатыр ма, жоқ па білмейміз. Интернет деген аты ғана, бос сөз.
Ауылда байланыс операторларының мұнарасы жоқ, интернет жылдамдығының төмен болу себебі осы, - дейді аудан атқамінерлері. Оны орнату бойынша жұмыстар қолға алынған. Мұнара дайын, қазір тиісті техникалық тексеруден өткізу жұмыстары жасалып жатқан көрінеді.
Валерий Асамбаев, Целиноград ауданы ТҮКШ бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
-Байланыс операторының өкілдері мұнараны қарашаның соңына дейін орнатамыз деп уәде беріп отыр. Онда бірнеше компанияның антенналары қойылады. Кең жолақты интернет туралы айтар болсам, қазір ауылда 144 абонент бар. «Қазақтелекомның» берген ақпарына сәйкес, Қажымұқан бойынша 2020-2021 жылдары бұл бағытқа қаржы қарастырылмаған.
Жергілікті билік мұнара орнатылатын жер телімін бөліп берген. Заңға сәйкес, байланыс жүйесін дамытуды операторлар әрі қарай өздері жоспарлайды. Ал ауыл халқының сапалы интернетті күткеннен өзге амалы болмай тұр.
Дарын Сағитов