Ақтөбе облысында коронавируспен күреске 5 миллиард теңге бөлінген. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, оның 3,4 миллиарды медициналық техника мен жабдықтар сатып алуға жұмсалған.
Қазір өңір індеттің екінші толқынына дайындық үстінде. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған. Ал медициналық мекемелер компьютерлі томографиямен, стационарлық рентген және өкпені желдету аппаратымен, оттегі концентратымен қамтылған. 8 мобильді жылжымалы кешен, 41 санитарлық машина сатып алынған. Одан бөлек, карантин кезінде ең көп шығынға ұшыраған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:Бүгінгі күнге мемлекеттік қолдауға орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен 1300 жоба ие болды. Ол өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырғанда 21%-ға артық. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында 392 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39%-ға жоғары.
Сондай-ақ қарапайым заттар экономикасы аясында 100 жоба, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 811 жоба қолдау алған. Биылғы жағдайға қарамастан, құрылыс саласы да жоспарды орындап, жыл соңына дейін 7 мың адамның баспана мәселесі шешілмек. Ал өңірді ауыз сумен қамту жұмысы алдағы 2 жылда 100 пайыз аяқталмақ. Қазірдің өзінде тұрғындардың 95 пайызы ауыз су, 91 пайызы көгілдір отын желісіне қосылған. Өңір басшысы «Ақтөбе» футбол клубына қатысты мәселеге де тоқталып, клуб ойыншылардың алдындағы барлық қарызын өтегенін айтты. Ал оны жекешелендіру ісі кейінге қалдырылған.
Амангелді Сейітхан