Биыл Қазақстанға 8,3 трлн теңге инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстанға 8,3 трлн теңге инвестиция тартылды

13.10.2020

Ел экономикасы қалпына келе бастады. Жыл басынан бері 8 трлн теңгеден аса инвестиция тартылған. Бүгін Үкімет басшысы пандемия салдарынан ақсаған нақты салалардың қазіргі ахуалын сұрады. 

Коронавирус қыспаққа алғанда ең алдымен қызмет көрсету саласына қиын соқты. Басым жұрт жұмыс істейтін бағыт болғандықтан, жағдайлары да жұтап қалды. Бірақ қыркүйектен бері бұл сектордың беті бері қарап, белсенді түрде қайта жандана бастаған. Оңалып келеді. Тамызбен салыстырсақ, сауда-саттық 2,7%-ға, байланыс 1,3%-ға, көлік және қойма қызметі 1,2%-ға өсті. Демек шағын және орта бизнестің әлденуіне үлкен сеп. Тиісінше тұрғындардың тұрмысы да жақсаруда.  

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Жалақы алушылардың үлесі қалпына келуде, мемлекеттік жәрдемақы алушылардың үлесі төмендеуде және де респонденттердің ірі сатып алуларға дайындығы артуда.

Өзге салаларда да өсім бар. Фармацевтика, металл бұйымдарын шығару, машина жасау, тіпті үнемі жәрдемге жүгінетін жеңіл өнеркәсіптегі көрсеткіш те көтерілді. Түйіндесек, өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ға өскен. Ал құрылыс саласы қарқынын жойған жоқ. Тұрғын үй көлемі 9,6 млн шаршы метрге ұлғайды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Ауыл шаруашылығында 5%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Көрсеткіштердің орнықты өсу қарқыны жалпы экономиканың қалыпқа келгенінің белгісі болады. Жалпы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан Қазақстан экономикасының көрсеткіштерін біртіндеп өскені байқалады. 

9 айда 8,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 13 өңірдің ішінде негізгі капиталға әсіресе Түркістан облысы мен Шымкент қаласы қаржыны молырақ құйған. Ал Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды өңірлері артты қалды. Өйткені мұнай-газ өндірісі төмендеді. Бүгінде 4,2 млрд тг бюджет қаражаты әлі игерілмеген. Мұның сыртында үкімет резервінен бөлінген 236 млрд теңгенің жартысынан астамы тиісті мақсатқа жұмсалмай тұр. Үш айда игеріп үлгеру тапсырылды. 

Нысаналы Ығыл


Үкімет отырысы инвестиция бюджет қаражаты

Хабарламаларға жазылу