«Ауыл – ел бесігі» жобасын жасау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелері ескерілмеген. Сенат депутаты Әли Бектаев Қазақстанда әрбір төртінші елді мекенде орташа есеппен бір ғана тұрақты жұмыс ашылады деген дерек келтіріп отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы бас-аяғы жинақталған, түрлі бағдарламалардың басын біріктіретін, жауапты ұйымдардың жұмысын үйлестіретін, жан-жақты ойластырылған жүйелі құжат ретінде жасалмаған. «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» бір бөлігі ғана болып қалған. Жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу принциптері түсініксіз. 3561 елді мекенді құрайтын тізімнің арасында негізінен аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар ғана бар, ал шалғайдағы ауылдардың қамтылуы төмен», - деді ол жоғары палатаның отырысында.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» сияқты агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ірі қаржы институттары осы жобадан тыс қалған.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы бөлінген 448 млрд теңге қаражаттың 1,6 млрд теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігі бар 22 жобаға бөлінген. Ал 2020 жылы ауыл-аумақтарда ашылатын 20 мың жұмыс орындарының 800-і ғана тұрақты болмақ. Яғни, әр 4 елді мекенде орта есеппен бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз», - деді Бектаев.
Депутат «Ауыл – ел бесігіне» енген инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі төмен екенін де атап өткен. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы - 2025» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларын түбегейлі шешетіндей жүйелі жұмыстар жоспарланбаған. Депутат осы мәселелердің барлығын бүгін Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдады.
«Елді мекендердің 40%-ға жуығы шекара бойында орналасқандықтан, олар жойылып кету үстінде, бұдан еліміздің және жеріміздің тұтастығына қауіп төнбей ме? «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» іске асырылуы туралы қорытынды ақпаратта 2011 жылдың 1 қаңтарына республикадағы ауылдық елді мекендердің 2613-нің әлеуеті жоғары, 4238-де орта, ал 92-нің ғана әлеуеті төмен деп көрсетілген. Айналдырған 10 жылдың ішінде келешегі жоқ, әлеуеті төмен ауылдар санының 92-ден 2847-ге дейін өсіп кеткендігін қалай түсіндіруге болады? 2015 жылдың 19 мамырында қабылданған «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңға осы уақытқа дейін қоғамдық талдау жасалынбағанының себебі неде», - делінген депутаттық сауалда.