Шамадан тыс жүк тиеген көліктерден жолдар бүлініп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шамадан тыс жүк тиеген көліктерден жолдар бүлініп жатыр

02.10.2020

Жүк көліктеріне қатысты талапты күшейтіп, заңды қатайту керек. Бұл -шығысқазақстандық жол инспекторларының ұсынысы. Әйтпегенде, айыппұл салынып жатқанына қарамастан олар тиісті мөлшерден артық жүк тиеп, жолдарды бүлдіріп жатыр . Әсіресе, аудан мен ауыл арасындағы асфальт жолдардың бәрі ерте кезде салынғандықтан, қазіргідей 40-50 тонналық көліктерге шыдас бермейді. 

Жүк көлігін жүргізуге ешбір құжаты жоқ мына жігіттің тиеп алған жүгінің салмағы да рұқсат етілген мөлшерден әлдеқайда көп. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері мұны арнайы құрал-жабдықтың көмегімен анықтады. 

Алмас Жанасов, облыстық көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы:
Осы көлікке 25 тоннадан артық салмақ болмау керек. Бұл көлік 5 тоннадай артық тиеп алыпты, 30 тоннадай. Машинаның иелері шақырылып, әкімшілік хаттама толтыралыды. 

Шамадан тыс жүк тиеп алып асфальт жолмен жүргендерге заң бойынша айыппұл салынады. Бірақ көлік жүргізушілерінің жол үстіндегі мұндай бақылауға қатысты өз ұстанымдары бар.

Алайда жолдың сапасын тексеретіндер бұл сынмен келіспейді. Аймақтағы осы мекеменің мамандары жыл басынан бері 800-ге жуық тексеру жүргізіп, 900-ден аса ақауды анықтаған.

Саяхат Мүсәпіров, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері:
Жол сапасы жақсы қазір, жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ осы ауыр жүкті көліктердің әсерінен жол тез тозып кетеді. Егер шамадан тыс тиелмесе, салмақ түспесе, жол талай жылға шыдап береді. 

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда шамадан тыс жүк тиеген ауыр көліктерге қатысты 60-қа жуық әкімшілік хаттама толтырылып, 9 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Ал бүлінген жолдарды қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаражат кететіні белгілі. Сондықтан мамандар осы салаға қатысты заңды қатайтып, талапты күшейтуді ұсынып отыр.

Берік Көшербай

жол сапасы ШҚО

Хабарламаларға жазылу