Нұрсұлтан Назарбаев Түркістандағы халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістандағы халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысты

28.09.2020

Елімізде тағы бір халықаралық әуежай ашылды. Нысан қарыштап дамуға бет алған киелі Түркістан қаласында орын тепкен. Жаңа мәртебе алғалы бері көне шаһардағы құрылыс қарқынды. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаға арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.  Облыс орталығы мәртебесін иеленген шежірелі шаһарда жаңа тарих басталды. Осыдан 2 жыл бұрын тұңғыш Президент тарихи құжатқа қол қойған еді. Содан бері көне қала - алып құрылыс алаңына айналды. 

Киелі мекенді көруге ынтық туристер көп. Бірақ, жері шалғай, жолы алыс өлкеге жете алмай қиналатын. Түйткілдің түйіні тарқатылып жатыр. Шаһар іргесінен халықаралық әуежай салынды. Жылына 3 млн-ға дейін жолаушы қабылдауға қауқарлы. Әуежай келесі жылы жұмысын бастайды. Бастапқыда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ыстамбұл бағыттары ашылса, кейін әлемнің көптеген елінен туристер тікелей келе алады. 

Түркістан күн өткен сайын түрленіп келеді. Құрылыс екі бағытта қарқын алған. Қаланың оң қапталында - әкімшілік-іскерлік орталық. Онда 90-ға жуық нысан болады. 23-і жыл аяғына дейін салынып бітуі тиіс. Солардың бірі – «Түркістан Арена». Заманауи ғимарат 7000 орынға шақталған. Конгресс-холдың да құрылысы аяқталды. Қаланы дамытуға өңірлер мен ірі компаниялар қатысып жатқаны белгілі. Бұл екі нысан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тартуы.  

Көне шаһардың туристік әлеуетін әлі де жақсарту қажет-ақ. Меймандарға қолайлы жағдай тиісті деңгейде жасалуы тиіс. Бұл бағытта бірқатар қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әлемдік деңгейдегі «Риксос Түркістан» ғимараты отандық инвестордың қаржысына салынды. Ал сол қапталында – рухани мәдени орталық бой көтеріп келеді. Мұнда қаланың байырғы қалпын сақтай отырып, заманауи сәулетпен сабақтастыру міндеттелген. Құрылысшыларға талап қатаң. Ғимараттардың ешбірі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен биік болмауы тиіс. Түркістанның негізгі нүктесі басқа нысандардың тасасында қалмауы керек.   

Кесененің төңірегін абаттандыруға ЮНЕСКО-ның рұқсатын алу да оңай болмады. Бұл - әлемдік мұра тізіміне енген Қазақстандағы 3 нысанның бірегейі. Халықаралық ұйым салынатын жобаларды қайта-қайта өзгертіп отырған. 

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы: 
-Қожа Ахмет Яссауи музейінің биіктігі 33 метр болған еді. Олардың талабына сәйкес 27 метрге дейін төмендетілді. Шектеулер бар, соларды орындадық. 
Асима Нұрбайқызы, тілші: 
-Мұнда келген туристке бір нүктеден қызмет көрсетіледі. Ол үшін визит орталығы салынды. Қасында Қожа Ахмет Яссауи музейі, кітапхана, рухани-мәдени орталық орналасқан. Бірақ, ашық айтқан жөн бізде қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Қажет маман жоқтың қасы. Дегенмен, кемшілікті жоятын уақыт таяу. Ол үшін – арнайы кадр дайындайтын туризм және спорт университеті бой көтерді. Білім ошағы міне тұр. 
Шаһардың шырайы кірген сайын жұртшылықтың да санасы жаңғырып жатыр. Әдемілікке адам жаны әуелден құмар.  Ілкімді істерді көріп шыққаннан кейін Елбасы киелі мекенді одан әрі дамыту жоспарымен танысты.  
Феттах Таминдже, «Sembol Insaat» АҚ президенті: 
-Туристерді кемінде бір тәулікке қалдыру бағытында ауқымды жоспар құрдық. Мұнда келген мейман барлық бағытта демалып қайтатын болады. Отбасылық сауықтыру орындары, аңызға толы ғажайып шоулар, қазақтың әдет-ғұрпымен байланысқан түрлі шаралар өткіземіз. 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
-Аз уақыттың ішінде танымастай болып түледі. Елдігіміздің алтын бесігі, рухани орталығы деп айтып келеміз. Қайтадан жаңа қала салып атыр. Өсіп, өркендеуі күллі түркі жұртының абыройы. Тікелей теміржол жөнінде әңгімелестік. Мешіт салып жатыр. Түркия тікелей инвестицияның арқасы. Иен далада үлкен аэропорт салынды. Қазақстанның басты маржаны деп мәдени фестиваль өткізу керек, сөйтіп Түркістанды елге таныту керек. Осының барлығына дайындалуымыз қажет. 

Тарихтың терең қатпарында қалып қойған көне қала осылайша дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Қазір 24 мың адам жұмыс істеуде. Шежірелі шаһарды дамыту жұмыстары әлі жылдар бойы жалғасады. Түрленген тауыстай түлеп жатқан Түркістанға енді туристердің ағылары анық. 2030 жылға қарай жылына 3,5 млн мейман келеді деген жоспар бар.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетін бірігіп жеңетінімізге сенім білдірді. Тұңғыш Президент қауіпті кеселді қалай жеңіп шыққанын айтып берді. Және мұндайды ешкімге тілемейтінін жеткізді. Әрі саулық – сақтықта екенін еске салып, қорғаныш құралдарын үнемі қолдануға кеңес берді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу