Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылмақ

22.09.2020

Қазақстандықтар биыл 6 трлн 800 миллиард теңгесін саудаға жұмсаған. Бірақ көрсетілген қызмет пен сатып алынған заттарға көңілі толмайтын тұтынушылар жетерлік. Олардың құқығы қалай қорғалып жатыр? Бүгін Үкіметте осы мәселе жан-жақты талқыланды. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі комитетке биыл 8 мыңға жуық адамнан шағым түскен. Барлығы сатып алынған тауар мен қызметке көңілі толмайтынын жеткізген. 

Өкініштісі сол - барлығының құқығын қорғау мүмкін емес. Оны бүгін Үкіметте баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі де мойындады. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері еліміздің азаматтары 6 трлн 800 миллиард теңгеге сауда жасаған. Енді олардың құқығын қорғап, сауда-саттықтағы дау-дамайды азайту үшін дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенуді ұсынып отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Мысалы, Алмания, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ, Алмания, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мәселелері талқыланады.

Досжан Маратұлы, тілші:

- Тұтынушы құқығын қорғау жөнінде ведомстваралық кеңес енді елімізде де құрылмақ. Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов тұтынушы құқығын қорғайтын ұйымдарды біріктіріп, үлкен қауымдастық құру жайлы да бастама көтерді. Ал оны қолдайтынын айтқан Премьер-Министр Асқар Мамин тұтынушылардың құқығын қорғаудыкүшейтуге тапсырма берді.

Сондай-ақ Үкіметте күзгі егін жинау науқанының қалай жүріп жатқаны да сөз болды. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, қазір ол аяқталуға жақын. Яғни, егістік алқаптарының 97 пайызында жинау жұмыстары біткен. Биыл 18 млн тоннадан астам астық жинау жоспарланған.

Хабарламаларға жазылу