Ресейде қазақстандық азаматша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған Қытайға сәби сатпақ болған деген айып тағылып отыр.
Индира Бегайдар, тілші:
- Маусым айында Мәскеудегі пәтерлердің бірінде бес сәби табылған еді. Суррогат аналардың балаларды «саудалау үшін» дүниеге әкелгені туралы хабарланды. Күдіктілердің ішінде үш Қытай азаматы, бір ресейлік әйел және бір қазақстандық әйел бар. Пәтерден қытай тілінде жазылған балалардың құжаттары да шықты. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, сәбилерді шетел асырып сатпақ болған. Бұған қатысты Ресей Федерациясы адвокаттар кеңесінің президенті Игорь Трунов былай дейді.
Игорь Трунов, РФ Адвокаттар кеңесінің президенті
- Ресейдегі суррогат аналардың 20 пайызы ТМД елдерінен келеді. Өйткені олар жергілікті тұрғындарға қарағанда азырақ ақша сұрайды. Бірақ мен бұл әйелерге, дәрігерлерге қатысты не үшін қылмыстық іс қозғалғанын түсінбеймін. Өйткені Ресейде суррогат ана институты 1995 жылдан бастапжұмыс істейді, 200-ден астам фирма бар. Өкініштісі, сәбилер тергеу аяқталғанша ақыл-есі кем балаларға арналған үйге жіберіледі.
Индира Бегайдар, тілші:
- Ал мұндай істерді тергеу жеті, сегіз жылға дейін созылуы мүмкін. Ресейде суррогат ана бір баланы туып бергені үшін орта есеппен 1 миллион рубль ақша алады. Айта кетейік, Адам құқығы жөннідегі кеңес мәліметі бойынша, суррогат аналардан туған бір мыңға жуық сәби Ресейде қалған. Бүгінде шекара жабық болғандықтан, Қытай, Сингапур, Франция, Аргентинадағы ата-аналары сәбилерді алып кете алмай отыр.