Қазақстан коронавирустың екінші толқынына дайындықты күшейтті. Өйткені әлемнің бірқатар елінде вирус қайтадан күш алып жатыр. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен бірнеше министрдің қатысуымен брифинг өтті.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
- Қазір Қазақстанда коронавирустың тәуліктік өсімі – 0,1 пайыз. Бұл - көрші елдермен салыстырғанда төмен. Дегенмен алда қауіпті кезең келе жатыр. Өйткені қазірдің өзінде Еуропаның бірқатар елінде вирус күрт өршіп жатыр. ТМД елдерінде де өсім 0,5 пайыз. Сол себепті елде дайындық тағы да ширай түсті. 71 мыңнан астам төсек орындары жабдықталып жатыр. Бұл қазіргіден 7 есеге көп. 3,5 мыңнан астам мобильді топ жасақталған. Өкпені жасанды желдетуге арналған 5000 құрылғы жеткізіледі.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қауіпсіздік мәселесі ешқайда тараған жоқ. Оның бәрін ескеріп отыруымыз керек. Көрші Ресей Федерациясында өсім деңгейі 0,5 пайызды құрап отыр. Көрші Өзбекстанда да 0,9 пайызды, Тәжікстанда 0,4 пайыз. Бұлардың бәрімен тығыз қарым-қатынаста отырған мемлекетпіз.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
- Сонымен қатар Қазақстан коронавирусқа қарсы екпенің 5,5 млн дозасын сатып алады. Қазір осыған байланысты бірнеше елдермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ әзірге нақты қай елдің вакцинасын алатыны белгісіз. Белгілісі – алдымен сапасына мән беріледі.