Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы жазығынан сақ дәуірінде жасалған алтын бұйымдар табылды. Археологтардың пікірінше, аң стиліндегі ерекше жәдігерлер сақ патшасының ат әбзелдері үшін арнайы жасалған.
Өңірдің археологиялық кешенді бағдарламасы аясында құрылған арнайы экспедициялық топ Тарбағатай ауданында соңғы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ерен еңбек жемісін берді. Елеке сазы жазығындағы биылғы қазба жұмыстары олжалы болып, алтыннан жасалған ерекше жәдігерлер табылды.
Берік Көшербай, тілші:
- Археологтардың ерекше қызығушылығын тудырған буйымдардың бірі - менің қолымда. Үлкен құлақты, мысық тұқымдас мифологиялық жануардың құйрығы мен аяқтарына жебенің басына ұқсайтын, өрілген салпыншақтар ілінген.
Экспедициялық топ жетекшісі ғалым Әбдеш Төлеубаевтың пайымдауынша, артефактінің барлығы салтанатты ат шеруіне арналған және сақ қоғамының патшасына тиесілі. Бұл жәдігерлер ежелгі тұрғындардың оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, құйма құйып, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгергенінің тағы бір дәлелі.
Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымдарының докторы, археолог:
- Бұның барлығы патша обасының құрамындағы дүние. Бірақ ортасын толығымен тонап кеткен, егер сыртындағы зат осындай бай болса, сонда патшамен бірге көмілген заттың тіпті керемет болғандығын болжап айтуға болады.
Елеке сазынан табылған құнды жәдігерлердің жалпы саны 800-ден асады. Олар сан алуан, бір-біріне ұқсамайды, бұдан ежелгі шеберлердің бірін-бірі қайталамауға тырысқанын аңғаруға болады. Артефактілердің барлығы облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Бақыт Сабырбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
- Қазіргі таңда бұл жәдігерлер біздің қорымыздың аса құнды жәдігерлері бірі болып саналады. Барлық құжаттық жұмыстар рәсімделді. Енді ары қарай бұл жәдігерлерді біз өзіміздің музейдегі экспозицияларға қойып, көрермендерге тамашалауға мүмкіндік береміз.
Алдағы уақытта Алтайдың қойнауынан табылған құнды жәдігерлерді бүкіл әлемге паш етіп, шетелдерде арнайы көрме ұйымдастыру көзделіп отыр.
Берік Көшербай