Биыл 352 мың оқушы бірінші сыныпқа барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 352 мың оқушы бірінші сыныпқа барды

01.09.2020

Бүгін - Білім күні. Еліміздегі 3 миллион 300 мың оқушы үшін сабақ басталды. Олардың 350 мыңы бірінші сыныпқа барды. Елдегі эпидахуалға байланысты сабақ түрлі форматта өтеді. Кейбірі қашықтан оқыса, оған келіспегендер үшін кезекші сыныптар ашылды.

Биылғы жыл бұрынғыдан өзгеше. Әдеттегідей алғашқы қоңырау салтанаты өткен жоқ. Тек кезекші топтардың оқушылары мектепке келді. Қоңырау әр сыныпқа жеке-жеке соғылды. Оған оқушылар ғана қатысып, ата-аналар мектептің ауласына да кіргізілмеді.

Жадыра Дәрібайқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Карантин басталғалы баламыздың санасына құйдық. Ол толық қабылдады деген сеніммен мектепке беріп отырмыз.

Кезекші сыныптар тек бастауышта оқитын балаларға арналған. Олардың саны 1 миллионнан асады. Соның 60 пайызының ата-анасы келісім берген.

Алихан Нұрмұханбет, оқушы:

- Үйде бәрі ұрсады. Ал мектепте жақсы, білімді боламыз. Достар табамыз.

Қазіргі ахуалға байланысты бірінші сыныптар 35 минуттан, одан жоғарылар 40 минуттан оқиды. Әр сабақ сайын 50 минут үзіліс болып, кабинетке дезифекция жасалады. Бір сыныпқа 15 оқушыдан артық кіруге болмайды. Сол себепті, балаларды екіге бөлу немесе пәндерді біріктіру әдісі қолданылады.

Айта кетейік, елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар. Олардың 3 мыңға жуығында бұрынғы дәстүрлі формат сақталады. Бұл шалғай ауылдардағы бала саны 180-нен аспайтын шағын мектептерге қатысты. Ал 2,6 миллион оқушы қашықтан оқиды. Жазда 350 мыңдай мұғалім қашықтан оқыту әдісін меңгеру үшін курстан өткен.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу