Қазақстанда бейбіт жиналыстарда болатын журналист қызметінің қағидалары бекітілді.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қол қойған бұйрықтың қосымшасына сәйкес, журналист бейбіт жиналыстарда бұқаралық ақпарат құралы үшін хабарламалар мен материалдарды жинау, оларды өңдеу және дайындау бойынша өз қызметін Жедел баспасөз орталығының орнында (аумағында) да, одан тыс жерлерде де жүзеге асырады. Журналистерді Жедел баспасөз орталығына алып бару, оларға бейбіт жиналыстың ұйымдастырушылары мен қатысушыларынан сұхбат, комментарийлер алуға жәрдемдесу, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды түсіндіру мақсатында жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты өткізу уақытында өз өкілінің қатысуын қамтамасыз етеді. Журналистерге олардың кәсіби қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Кеудеше, жеңдегі таңғыш, жапсырма - журналистің айырым белгілерінің нысандары. Көрсетілген айырым белгілерін тағып жүру кезінде олардың анық көрінуін қамтамасыз ету қажет.
Кеудешенің алдында және арқасында көлденең бойынша ені кемінде 20 миллиметр жарық шағылыстыратын екі жолақ тігіледі. Кеудешенің алдыңғы және артқы жағында жарық шағылыстыратын жолақтардың үстіне «PRESS» деген жазу орналасады. Жазудың өлшемі: «PRESS» - әріптің биіктігі алдыңғы бөлігінде кемінде 40 миллиметр, арқасында – кемінде 60 миллиметр, әріптің ені кемінде 50 миллиметр, қаріптің қалыңдығы кемінде 12 миллиметр. Жазу латын әріптерімен жазылады, күміс түсті жарық шағылыстыратын матадан «Arial» қаріпімен жасалады.
Жеңдегі таңғыш қанық сары түсті болады, ортасында «PRESS» деген жазу орналасады. Жазудың өлшемі: «PRESS» - әріптің биіктігі кемінде 40 миллиметр, әріптің ені кемінде 30 миллиметр, қаріптің қалыңдығы кемінде 12 миллиметр. Жазу латын әріптерімен жазылады, қара түсті «Arial» қаріпімен жасалады.
Жапсырма - ені кемінде 280 миллиметр, биіктігі кемінде 100 миллиметр тікбұрыш нысанында болады. Реңінің түсі – көк. Ортасында «PRESS» деген жазу орналасады. Жазудың өлшемі: «PRESS» - әріптің биіктігі кемінде 40 миллиметр, әріптің ені кемінде 30 миллиметр, қаріптің қалыңдығы кемінде 12 миллиметр. Жазу латын әріптерімен жазылады, күміс түсті жарық шағылыстыратын матадан «Arial» қаріпімен жасалады.