Қазақстанда жалпы ішкі өнім 4 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жалпы ішкі өнім 4 пайызға өсті

14.05.2019

Республикалық бюджетке жоспарланған межеден 19 млрд теңге артық кіріс түскен. Онлайн-сауда нарығының тұтынушылары 2 есеге артты. Осы сияқты ел экономикасының түрлі салаларындағы жетістіктер бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Кезекті сейсенбілік жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Министрлер есеп берді, Үкімет басшысы жаңа тапсырмалар жүктеді.

Елдің экономикалық өсімі өрлеп келеді. Оған әр саладағы көрсеткіштердің көтерілуі себеп. ЖІӨ 4%, инвестициялар 6,7%, өнеркәсіп өндірісі 2,9% еселеніп, тағы бірқатар салада оң динамика байқалған. Ал, сыртқы саудадан түскен қаржы 20 млрд доллардан асса, экспорт 13 млрд доллардан көп.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету қажеттілігін тағы бір рет атап өткім келеді. Осы ретте қолда бар әлеуетті тиімді қолдану қажет, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Индустриалды инновациялық даму және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың сапалы және толығымен орындауды қамтамасыз ету қажет. Осы бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономикаға үлкен серпін береді.

3 трлн 993 млрд теңге. Бұл – қазынаға түскен қомақты қаражаттың көлемі. Кіріс көбейген, қойылған меже артығымен атқарылған. Алайда, бюджеттен бөлінген қаражатты игеру – бәсең. Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент қаласының әкімдіктері берілген ақшаны кәдеге жарата алмаған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

- Қорғаныс министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі бюджет қаражатын игере алмады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 405 млрд теңгеге игерілді. Атқарылмау сомасы 29 млрд теңгені құрады.

Елдегі электрондық сауданың дамуы да қарқынды. Бүгінде 2 млн-нан астам адам керек-жарағын онлайн-дүкендерден сатып алады. Осылайша былтыр нарықтағы 2 мыңға жуық дербес интернет-дүкенде 269 млрд теңгенің саудасы жасалған. Әсіресе, тауар, қызмет көрсету жоғары сұраныста. Ендігі міндет – тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын қыздыру.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазақстанда тамақ өнімдерінің электрондық сауда көлемі 15,4 млрд теңгені құрайды және жалпы тауарлардың электрондық саудасының 4%-ын алады. Электрондық саудада аумақтық шекаралар жоқ. Сондықтан біздің отандық ауыл шаруашылығының өндірушілері үшін бұл жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын іздеуге шексіз мүмкіндік береді. Интернет-сауда – бұл ауылдық жерлерде сауданы дамыту үшін тамаша мүмкіндік.

2025 жылы Қазақстанда электрондық сауда-саттық көлемі 2 трлн теңгеге жетеді, 314 мың адамды жұмыспен қамтылады деген болжам бар. Осы ретте Үкімет басшысы онлайн коммерцияны экономика өсуінің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Электрондық сауда-саттық экономиканың қарқынды дамуына үлкен серпін береді, әлеуеті жоғары. Сондықтан осы мақсатта транзиттік мүмкіндіктерді және көлік логистикалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануымыз керек. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен бірге электрондық коммерцияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейін жол картасын бір ай ішінде әзірлеуді тапсырамын. Оны Үкімет деңгейінде бекітетін боламыз.

Электрондық сауда отандық өнімдерді алып нарықтарға шығармақ. Қазақстандық кәсіпкерлерді толағай табысқа кенелтпек. Сондай-ақ, елдің ЖІӨ ұлғайтпақ. Ал, ЖІӨ көлемі жоғары мемлекеттің экономикасының қуаты болмақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу