Биыл ҰБТ 21 маусым мен 1 шілде аралығында өтті. Осы жылы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініш (131 754) қабылданды. Оның 92,1% тестілеуге қатысты.
Шекті балды жинаған талапкерлер саны – 82 154. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балл болды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өткізілу барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен қатар ҰБТ барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері кірген Арнайы мониторингтік топқа мүше 510 адам бақылады.
119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, яғни 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады.
ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады және гранты қайтарылады.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде талапкерлер арасында екі метр арақашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен желдетілді және тазартылды. Аудиториялар 35% дейін толтырылды, әрқайсысында тек 10-18 адам отырды.
Еске сала кетейік, тамыз айында тағы бір ҰБТ өтеді, онда талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсе алады.