Банктерде проблемалық қарыздар көбейіп барады – Есеп комитеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банктерде проблемалық қарыздар көбейіп барады – Есеп комитеті

18.06.2020
Банктерде проблемалық қарыздар көбейіп барады – Есеп комитеті

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендеп бара жатқанын мәлім етті. 

«Өмір сапасы басым жағдайда несиелеу есебінен қамтамасыз етіліп отыр. 2019 жылы тұтынушылық несие халықтың номиналды табысының өсімінен шамамен 15 пайызға басып озды. Ал несие ала берудің салдары әлеуметтік проблемаларды туындатады. Мемлекет тарапынан айтарлықтай көмектің болғанына қарамастан, кейінгі бес жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендеп барады. ЖІӨ-дегі оның активтері 40 пайызға дейін азайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға тең еді. ЖІӨ-мен есептегенде банктердің қарыз беретін портфелі екі есе қысқарды. Проблемалық қарыздар артып барады», - деді Наталья Годунова Парламент Сенатында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті баяндау кезінде.

Оның айтуынша, бизнес үшін қолжетімді ақша беру мәселесі әлі де реттелмей келеді. 

«Мемлекеттік қарыз, сол секілді Үкіметтің қарызы қауіпсіз шекте тұр. Дегенмен, шығындар да артып келеді. Үкіметтік қарыздың бұл бағыттағы шығыны 1,4 трлн теңгеге жетті. Дегенмен, халықаралық қаржы ұйымдарынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік, квазимемлекеттік сектор мен жергілікті атқарушы органдар бойынша қарыз алу жұмыстарын жүйеге келтірдік», - деді ол.

Хабарламаларға жазылу