Алматы облысы Іле ауданында қоқыс полигонындағы тұрмыстық қатты қалдықтардың бықсып жанып, ештеңе көрінбейтін қою түтінннің кесірінен Алматы - Қапшағай тасжолында 8 көлік соқтығысып, адамдар ауруханаға жеткізілді. Өртті басуға Ми-8 тікұшағына дейін қолданылды. Әлі жанып жатқан көрінеді.
Елімізде өндірістік те, тұрмыстық та қалдықты көму және утилизациялау өткір мәселелердің бірі. Былтыр елімізде пластик, қағаз және шыны қалдықтарды сорттамай, полигонға апарып тастай салуға тыйым салатын заң күшіне енген. Бірақ содан не өзгерді? Қайта өңдеу саласы өркендеп, ал адамдар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастап жүр ме? Кейбір есептерге қарағанда әрбір қазақстандық жылына 250-360 келіге дейін тұрмыстық қалдық тастайды екен. Бәрін бір қалтаға тоғытып, есік алдындағы қоқыс жәшігінің кез-келгеніне лақтырып кету әдеті сүйекке сіңген бе деп қаласың. Әдемі әнде шырқалатындай «...маңы терең сай» емес, терең сай толы мүңкіген қалдық ауылдар да көп. Тыныстау мүмкін еместігі, соның кесірінен тыныс алу жолдарының ауруы өршіген жерлер бар, малы өліп, тісін ең құрығында қасқырға қайрай алмайтын отырған ауылдар да бар.
Қоқысты сорттап тастау мәдениетінен бастап, қалдықты барынша өңдеуге дейінгі дәстүр мен әрекет адамның болмысынан, мемлекеттің деңгейінен белгі беретін бір деталь. Өндірістік қалдық өз алдына бір әңгіме, жерімізде жатқан 125 миллион тоннадан астам тұрмыстық және коммуналдық қалдық, үйдің ішінде емес шығар. Бірақ санадағы қоқыспен қатты үйлесетін сияқты.
Ақерке БЕКТАС