Елде бірқатар лауазымды тұлғалар парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде бірқатар лауазымды тұлғалар парамен ұсталды

11.06.2020

Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Ол серіктестік қызметкерінен қала көшелерін абаттандыруға бөлінген сомадан 100 миллион теңге талап еткен. Осылайша, тендерде ұтып алуға қолғабыс етуге уәде берген.  

Ал Шығыс Қазақстанда шенділер қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектесеміз деп 40 миллион теңге сұраған. Қазынашылық комитетінің лауазымды тұлғасы сыбайласымен бірге пара алып жатқан жерінен ұсталды. Олар Риддер қаласында Олимпиадалық резервтік мектеп-интернатына арналған оқу корпусын салып жатқан мердігерді пара беруге итермеледі деп айыпталуда.

Ал Алматы облысында Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары және серіктестік өкілі ұсталды. Бірі 200 мың теңге пара берді, бірі сол параны алды деген күдікпен тергеліп жатыр. Сондай-ақ осы өңірдегі ветеринариялық аумақтық инспекциясының шекара бекеттерін бақылау бөлімінің басшылары да сыбайлас жемқорлық фактісімен қолға түсіп отыр. Бас маман лауазымына орналастыру үшін 700 мың теңге көлемінде пара алған.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу