Бүгін алаш жұрты Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін алаш жұрты Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салды

19.05.2020

Бүгін алаш жұрты танымал тележурналист, мәдениет қайраткері Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салды. Ұлттық журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер небәрі 49 жасында айықпас дерттен көз жұмды. Қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қазаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты. Қысқа ғана ғұмырында көрерменнің шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Бейсенді ел жұрты қимастықпен шығарып салды.

Бейсен Құранбектің өзі де өмірге құштар, ерік-жігері мықты жандарды қатарынан еді. Амал нешік. Айтуға оңай, Қаракет бағдарламалары арқылы талай жанға үміт отын сыйлап, тағдыр тауқыметіне қарсы қарекет етуді үйреткен Бейсеннің өз дертімен күресуге дәрменсіз болғаны өкіншті, дейді замандастары.

Бейсен Құранбек – қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мәнсап қумай, ақтық демі қалғанша кәсібіне адал болды. Жалын ғұмыр ерте сөнгенімен сөз зергерінің артында өшпес ізі қалды.

Тележурналист өзінің соңғы сұхбатында басты құндылық - отбасы, адамдармен сыйластық, соңында дос болып қалу деген еді. Адамгершілігімен, шынайылығымен өз кәсібінің шыңына көтерілген Бейсеннің жарқын бейнесі көрерменнің жүрегінде мәңгі сақталады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу