Шымкент қаласындағы Елтай елді мекенінде сел алып кеткен аулалар мен көшелерді тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Төтенше жағдай қызметі мамандары ауыл ішін жойқын ағыспен келген тастардан аршып жатыр. Сондай-ақ олар бүгінге дейін ұзындығы 30 метр болатын екі көше мен 48 үйдің ауласын лайдан тазартты.
Сәрсенбінің кешіндегі жауын Елтайдың тұрғындарын алғашында абыр-сабыр етті. Артынан үрейлендіріп жіберді. Сай саланы қуалып келген тасқын су сәт сайын көтеріліп, ауланы түгел жайлап алды.
Ауыл ішінде су тартылғанымен әлі көп жері батпақ. Біраз үй ауласын лайдан аршып ала алмай әлекке түсіп жатыр. Есік алдындағы азғантай бау-бақшаны да тасқын жайпап өткен.
Табиғат апатының зардаптарын жою ісімен қазір 48 құтқарушы айналысып жатыр. Олардың 7 техниканың көмегімен тас пен лайды көлікке тиеп, аулаққа апарып тастауда.
Табиғат апатының салдарын тексеріп шыққан комиссия ауылдағы 12 қора-қопсының құлағанына көз жеткізді. Алайда олардың құжаты болмағандықтан өтемақы төленбейтін болып шешілді.
Ғани ҚАЛМАХАН