Мақтаарал тұрғындарына өтемақы алу үшін арнайы банк карталары берілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал тұрғындарына өтемақы алу үшін арнайы банк карталары берілуде

18.05.2020

Мақтаарал ауданында баспанасынан айырылған отбасыларға арналып 383 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Құрылыс алаңында 24 мердігер компания қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бүгін апат аймағына барған Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр құрылысты бақылап, тасқын су астында қалған ауылдардың қалай тазартылып жатқанын көрді.

Тасқын судан зардап шеккен отбасыларға өтемақыны алу үшін банк карточкалары беріле бастады. 6 мың 128 отбасы осы карточкалар арқылы 100 мың теңгеден қаржы алады. Сондай-ақ Өзбекстан жағынан төленетін өтемақыны алу үшін де әр отбасыға жеке есепшот ашылды.

Бүгін апат аймағына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да қайырымдылық көмегі келіп жетті. Бұған дейін үй-күсіз қалған жандарға 400 тоннаға жуық азық түлік жіберген олар тағы 30 тонна ұн әкелді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы эвакуациялық орталықта жатқан жұртшылықпен кездесіп, оларды сабырға шақырды.

Діни басқарма сондай-ақ бүгін үш отбасыға аудан орталығынан баспана сатып әперіп, айырықша қуаныш сыйлады. Жаңа баспанаға қоныс аударған отбасылардың бірі көпбалалы, екіншісі мүгедек баласын асырап отырған кейуана. Ал үшіншісі отағасынан айырылған жетім-жесір жанұя.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу