Су басқан ауылдардың үштен бірі тазартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су басқан ауылдардың үштен бірі тазартылды

13.05.2020

«Сарыдобаның» топан суы астында қалған Мақтарал ауданындағы аймақтардың үштен бірі судан құрғатылды. Өргебас, Жеңіс, Фердоуси ауылдарындағы ішкі жолдарда су тартылып, жаяу және автокөлікпен жүріп-тұруға мүмкіндік туды. Егістік алқаптар да кебе бастады. Ауыл шаруашылығы ғалымдары осыны пайдаланып, тасқын судың топырақ қабаты мен суға тигізген зияндылығын тексеруге кірісті.

Сондай-ақ қазір арнайы техникамен ауыл ішіндегі сумен ағып келген күл қоқыстар тазартылуда. Коллектор және сорғылар арқылы күніне елді мекендер аумағынан 300 мың текше метрге дейін су шығарылып жатыр. Ғарыштан жасалған түсірілімнің дерегі бойынша апаттан Мақтаралдағы 175 шаршы шақырым жерге су жайылған.

Ғалымдардың айтуынша, бастысы топырақты терең қопсытып, жерді тыңғылықты жырту керек. Яғни агротехникалық шаралар сапалы жүргізілсе, жерге қайта егін салуға мүмкіндік бар. Тек мақтадан гөрі тез пісетін жержаңғақ, күріш, жүгері секілді 18 түрлі дақыл егіп, табыс табуға болатынын айтады.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу