Тасқын су кезінде қолындағы малынан, күнкөріс етіп отырған барынан айырылған мақтаралдық шаруалар үшін үкімет тарапынан 3 жарым миллиард теңге өтемақы беріледі. Сондай-ақ диқандардың банктерден алған несие қарзын қайтару мерзімі де кейінге шегерілді. Жалпы тәулік бойына толастамаған тасқын Мақтарал мен Жетісай ауданындағы 11 ауылдың 8 мың гектарға жуық егіс алқабын шайып кеткен. Мыңнан астам агроқұрылымның биылғы еңбегі еш болды.
Тынымсыз атқарылған авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде Өргебас және Фердоуси ауылдарының біраз тұсы судан құрғатылды. Жалпы тасқын астында қалған елді мекендердегі судың деңгейі орта есеппен 1 метрге төмендеді. Су шаруашылығы мамандары қазір 11 нүктеге қойылған арнайы құрал арқылы әр 3 сағат сайын су деңгейінің өлшемін алып отыр. Апат болған аймақтардағы кілкіген су күн сайын орта есеппен 15-16 сантиметрге төмендеп келеді. Апат аймағында 1 мың 600-ден астам құтқарушы, 300-дей техника, 217 мотпомпа тынымсыз жұмыс істеуде.
Ғани ҚАЛМАХАН