Түркістан облысында қайырымдылық керуені жолға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қайырымдылық керуені жолға шықты

04.05.2020

«Ізгілік жасап, жарысайық!» Осы бастамаға үн қосқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қайырымдылық керуенін жолға шығарды. Керуен Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні Шымкенттен Арыс қаласына жетіп, ондағы табыссыз қалған және күнкөрісі төмен отбасыларға азық-түлік таратты.

Керуен қоржынындағы әр қораптың ішінде 25 келі ұн және пияз, картоп пен сәбіз бар. Сондай-ақ қант, күріш, макарон мен күнбағыс майын да қоса салған. Салмағы 70 келі болатын әр қораптың ішіне жалпы бағасы 23 мың теңге болатын азық-түлік жиналыпты. Оны Шымкент теміржол бөлімшесі жастар кеңесінің мүшелері мен еріктілер шағын шаҺардағы көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларға жеткізіп берді.

Игі істен кәсіпкерлер де шет қалмады. Олар екі жүк көлігіне тиелген қырыққабат пен 5 мың дана медициналық масканы тегін берген. Акцияны Шымкент жол бөлімшесінің теміржолшылары мен «Ізгілік жасап жарысайық!» қайырымдылық қорының өкілдері бірігіп ұйымдастырды. Шара аясында барлығы 450 отбасыға тегін азық-түлік таратылды.

Белсенді жастар ізгілікті істі әрі қарай да жалғастырмақ ниетте. Келесі жолы 1 мың отбасыға қайырымдылық жасауды көздеп отыр.

«Қайырымдылық керуенінің» жол шығынын Шымкент теміржол бөлімшесі өтеп берді.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу