Осы жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі 50 компания жекешелендіріледі. Ал, көп кешікпей бірнеше алпауыт кәсіпорын IPO-ға шығарылады. Бұл туралы Санкт-Петербургте өтіп жатқан халықаралық экономикалық форум кезінде айтылды. Шетелдік инвесторларға арнап жеке панельдік сессия өткізген Қазақстан тарапы еліміздің инвестициялық мүмкіндігі жайлы жан-жақты ақпарат берді.
«Самұрық-Қазына» - жалпы құны 74 миллиард долларға пара-пар активтердің иесі. Ұлттық қорға тиесілі бұл дүниенің біраз бөлігі енді жыл соңына дейін жекешелендірілуі тиіс. Форум аясында олардың әрқайсысы жайлы шетелдіктерге жан-жақты ақпарат берілді.
Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:
- Биыл жекешелендірілетін кәсіпорындардың жалпы саны - 50. Олардың арасында түрлі салада жұмыс істейтін алпауыт компаниялар да, шағын немесе орташа мекемелер де бар. Біздің мақсатымыз – қор құрамындағы компаниялардың тиімділігін арттыру, портфельді тиімді басқару және тұрақты дамуды қамтамасыз етіп, әлемдік деңгейдегі қорлардың қатарына ену.
2022 жылға дейін «Самұрық-Қазынаға» қарасты 6 компания IPO-ға шығарылуы тиіс. Мәселен, осы жылдың соңына қарай «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана» және «Қазақтелеком» компанияларының акциялары қор биржасында сатыла бастайды. Жиынға келген 200-ге тарта инвесторға еліміздің жекешелендіру бағдарламасынан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы да арнайы таныстырылды.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Биылғы жылдың 5-шілдесінде «Астана» қаржы орталығының ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл қаржы орталығы ағылшын құқығына негізделген. Ол жерде өзінің жеке қаржылық реттегіші, арбитражды орталығы, соты болады. Былайша айтқанда, Қытайдағы Гонконг сияқты бір мемлекет, екі жүйе болады. Тікелей шетел инвестициясын тарту үшін біз де осы жолды таңдадық.
Петербург экономикалық форумы кезінде қазақстандықтық активтерге ықылас танытқан инвесторлар көп болды. Тіпті олардың алды өз ниеттерін құжат жүзінде бекітіп те үлгерді. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» мен ресейлік «Трансмашхолдинг» «Тұлпар-Тальго» серіктестігін жекешелендіру бойынша келіссөздерді бастау туралы меморандумға қол қойды.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ