Түркияда бейсенбі 23 сәуірден бастап ел аумағында 4 күндік коменданттық сағат жарияланды. Бұл хабарды Стамбулдағы ең үлкен аурухананың ашылуына арналған сөзінде Президент Режеп Тайып Ердоған жариялады. Бұған дейін екі апта бойы, әр сенбі-жексенбі күндері көшеге шығуға тыйым салынған болатын. Ал бұл жолы коменданттық сағаттың 4 күнге созылу себебі - 23 сәуір Тәуелсіздік және балалар күніне орай демалыс, ал 24 сәуір Рамазан айының басталуы. Осы қатар келген мейрамдарда халықтың әлеуметтік қашықтық сақтамай, қоғамдық орындарға көптеп жиналуынан қауіптенген ел үкіметі осындай қадамға барып отыр. Түркияда бүгінге дейін 91 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, екі мыңнан аса науқас қайтыс болды.
Ал Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой туризм саласында сертификаттаудың жаңа түрі қарастырылып жатқанын айтты. Бұл құжат арнайы тексерістен өткен, короновирустан ада туристік аймақтарға беріледі. Осылайша елге келетін туристер сертификаты бар бағыттарды өздері таңдай алады деді ол. Мехмет Ерсой сертификат алатын туристік орталықтар мамыр айының соңына дейін толық тексеріліп бітетінін ескертті.
Айдос ӘШІМ