Басты Жаңалықтар Енді еліміздің диқандары астықты Қытайға делдалсыз сата алады

Енді еліміздің диқандары астықты Қытайға делдалсыз сата алады

Енді еліміздің диқандары астықты Қытайға делдалсыз сата алады. Бұл бағытта Қазақстан мен Қытай бірлесіп тың жобаны іске қосты. Отандық экспорттаушы кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Ол тікелей тәуекелі төмен, ашық сауда-саттық. Сұраныс пен ұсынысты үйлестірудің жаңа  тетігі жайлы Қытайдағы тілшіміз Әйгерім Ермұханқызы тарқатып айтады.

Қытай қазақ диқандарына ішкі нарығына арналған электронды платформасын ашты. Қазақстан көрші елдің ұлттық сауда алаңына енген алғашқы ел болып отыр. Бұл дегеніңіз - аспан асты елінің 50 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тіркелген алып нарық. Енді еліміздің астық өндірушілері осы жерде сатып алушылармен тікелей келіссөз жүргізіп сауда жасай алады.

Ильдар Исмағұлов, Қазақстанның «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК төрағасының бірінші орынбасары:
Сегізінші халықаралық астық көрмесі кезінде ресми іске қосылды. Алғашқы кезеңде цифрлық алаңға 35 қазақстандық агрокомпания тіркеліп отыр. Мұнда барлық операция ашық жүргізіледі. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында еліміздің агроөндірушілерін тіркеліп, жаңа құралды белсенді пайдалануға шақырамыз.
Бұдан былай сатып алушыға делдал арқылы шығып оған қосымша құн төлеп, тәуекелге барудың қажеті жоқ. Мұнда сауда-саттық онлайн жасалады. Барлық операциялар ашық жүргізіледі. Платформа қазақ және орыс тілдерінде қол жетімді.
Жандос Әбдіхалықов, кәсіпкер:
Платформаның пилоттық жобасына қатыстық. Бірқатар келісімшарт жасап, тиімділігін көрсетті. Өндірушілер үшін ыңғайлы. Мұнда барлық операция ашық жүргізіледі. Осы арқылы нарықтың жаңа есігі ашылып отыр.
Қытайда қазақстандық табиғи өнімдерге сұраныс жоғары. Алғашы күннің өзінде 24 мың тонна зығыр жеткізу туралы келісім жасалды. Тіпті 2027 жылдың өніміне алдын ала тапсырыс беріп жатқандар да бар. Қазір екі мың тонна соя мен мың тонна рапсқа онлайн тапсырыс түсіпті.
Чэнь Цзюньшэн, Қытайдың азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқарма басышысының орынбасары:

Бұл бірлескен платформа екі ел үкіметтері арасындағы стратегиялық өзара түсіністікті нығайтып, қос мемлекет кәсіпорындарының ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған. Қазақстан мен Қытай астық саласындағы байланысты тұрақты түрде дамытып келеді. Кейінгі бірнеше айда институционалдық тетіктерді жетілдіріп, бағдарламалық жүйені әзірлеудің арқасында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа жоба өзара коммерциялық сенімді арттырады. Сонымен қатар шығындар мен кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді деп отыр. Алғашқы кезеңінде дәнді және майлы дақылдар сатылады. Сондай-ақ күнбағыс, рапс, зығыр және соя еніп отыр. Ал кейін тізім шетінен кеңейтіледі.


Бөлісу