Астана экономикалық форумына 5000-нан астам делегат қатысады. Апта соңында өтетін дәстүрлі жиынға қатысушыларды тіркеу бүгін басталды. Тіркеу бекеттері әуежай мен қонақ үйлерде және «ЭКСПО» қалашықта тәулік бойы жұмыс істейді. Форумға қатысушыларға екі ақылы пакет ұсынылған.
Астана экономикалық форумына қатысушыларды тіркеу орталығы жұмысын бастады. Бүгіннен бастап сайт арқылы тіркелген қатысушылар осы жерге келіп, рұқсат бейдждарын ала алады. Форумға қатысу арнайы шақырылған қонақтар мен тілшілерге ғана тегін. Қалған қатысушыларға 30 мың және 150 мың теңгелік екі пакет ұсынылады.
Форумға 4500 отандық, 500-ден астам шетелдік делегат келеді деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 700- ге жуық журналист тіркелген. Халықаралық делегаттардың ішінде Франсуа Олланд пен Пан Ги Мун бастаған әлемдік тұлғалар да бар. Сондай-ақ, Ресейдегі соңғы президент сайлауына түскен Ксения Собчак та өзінің қатысатынын растаған. Шараны биыл беделді мәскеулік компания ұйымдастыруда.
Болат Столяров, «GVA Kazakhstan» серіктесі және АЭФ-тің бас продюссері:
- Менің мұндай шараларды ұйымдастыруда тәжірибем үлкен. Бұған дейін біз бірнеше елде осындай ондаған конгрестер ұйымдастырдық. Оның ішінде Мәскеудегі урбан форум мен әлемдегі ашық инновация конгрестерін өткіздік.
11-ші Астана экономикалық форумы 17 мамыр мен 19 мамыр аралығында өтеді. Онда халықаралық қауіпсіздік пен экономика, урбанизация, гендерлік теңдік секілді жаһандық мәселелер талқыланбақ.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.