Қауіпті індет ел аймақтарында белең алып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіпті індет ел аймақтарында белең алып барады

07.04.2020

Қарағанды облысында бүгін тағы 7 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Барлығы да бұған дейін індет жұқтырғандармен байланыста болған. Олар оқшауланды. Жалпы облыс бойынша Covid-19 жұқтырғандар саны 55-ке жетіп отыр. Ал тәулік бойғы бақылауда 908 адам бар. Тағы 1440 адам үй карантинінде. Айта кету керек, өңірдің барлық аумағына карантин енгізілді. Дегенмен төтенше жағдай кезіндегі талаптарға бағынбайтындар да бар. Мәселен, блок бекеттерді заңсыз өтпек болған үш азамат ұсталған. Олар 15 тәулікке қамалуы мүмкін.

Түркістан облысында тағы 5 азаматтан коронавирус анықталып, науқастардың жалпы саны 33-ке жетті. Соның ең кішкентайы арыстық екі жасар сәби. Үшеуі Кентау қаласының, ең соңғысы Жетісай ауданының тұрғыны. Осылайша, қауіпті індет қазір өңірдің 6 ауданына таралып отыр. Ал Шымкент қаласында 24 жастағы азаматтан өз отбасындағы бес адамға ауру жұқты. Науқастың әкесі, анасы, ағасы, әйелі мен баласы да ауруханаға жатқызылды. Олардың барлығының сараптамасы оң нәтиже берген. Отбасындағы бірінші болып дертке шалдыққан азамат поезда жолсерік болып жұмыс істеген. Ол жұмыс кезінде қауіпті вирусты Түркістан облысы Жетісай ауданына бара жатқан жолаушыдан жұқтырған. Қазір жолсерік жігітпен байланыста болған тағы 75 азамат анықталған. Олардың барлығы оқшауланып, дәрігерлер бақылауында.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу