Елімізде коронавирусты анықтайтын тестілеу жуырда басталады

06.04.2020

Елімізде коронавирусты тез анықтайтын тестілеу жақын арада басталады. Қазақстанға оның 96 мыңы жеткізілді. Бас санитар дәрігердің айтуынша сынама барлық тұрғынға жаппай жүргізілмейді. Арнайы санат бойынша жасалған тізім бар. Әуелі солардан бастайды.

Вирусты тез анықтайтын тест алдымен Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүргізіледі. Ерекшелігі сол, ол бойыңызда вирустың бар жоғын 15 минуттың ішінде көрсетеді. Енді мамандар күніне 500-ден 1000 адамға дейін сынама жүргізуді жоспарлап отыр.

Еліміз қысылтаяң шаққа тап болғанда қол ұшын созған кәсіпкерлер де табылып жатыр. Болат Өтемұратов қоры осы тестті алу үшін 200 миллион теңге бөлген. Сынамалар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармаларына жеткізіледі.

Қазір жұқпалы індетті анықтау үшін Алматы мен елдордадағы ғалымдар ізденіп жатыр. Олар күніне вирусты жұқтырған науқаспен байланыста болған мыңдаған адамға сараптама жасайды. Күн түн демей қауырт жұмыс істеп жатқан ақ халаттылардың бұл еңбегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалады. Мемлекет басшысы ғылыми институттардың ұжымдарын COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтап, әзірленген тест жүйесінің мыңдаған азаматтың өмірін сақтап қалуға көмектесетініне сенетінін айтқан.

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу